Агенттік азаматтарға кредит шарттары бойынша міндеттемелерді қоса қарыз алушы ретінде қабылдауға мұқият қараудың маңыздылығын еске салды.
Қоса қарыз алушы – қарыз алушымен бірге банктік қарыз шартына қол қоятын және ол бойынша міндеттемелердің орындалуына бірдей жауапты тұлға. Егер қарыз алушы өз міндеттемелерін орындауды тоқтатса, кредитор қоса қарыз алушыдан берешекті толық немесе ішінара өтеуді талап етуге құқылы.
Іс жүзінде қоса қарыз алушылар көбінесе ипотекалық қарыздарды ресімдеу кезінде қарыз алушының өз кірісі кредитті мақұлдау үшін жеткіліксіз болған кезде тартылады. Мұндай жағдайларда банк қарыз алушы мен қоса қарыз алушының жиынтық кірісін ескереді, бұл қарыз алу ықтималдығын арттыруға мүмкіндік береді.
"Бұл ретте қоса қарыз алушы өзіне негізгі қарыз алушы сияқты міндеттемелерді қабылдайды. Мерзімі өткен берешек туындаған жағдайда кредитор оған шоттарындағы қаражатты есептен шығаруды, мүлкін өндіріп алуды және сот талқылауын қоса алғанда, заңнамада көзделген өндіріп алу шараларын қолдана алады",- делінген ведомство ақпаратында.
Қоса қарыз алушының мәртебесі кепіл беруші (кепілгер) мәртебесінен өзгеше екенін ескеру қажет екені де атап өтілді.
"Қоса қарыз алушының кірісі кредит сомасын айқындау кезінде ескеріледі, ал оның жауапкершілігі шарт бойынша міндеттемелердің барлық көлеміне қолданылады. Өз кезегінде кепіл берушінің жауапкершілігі берілген кепілдік шарттарымен шектеледі". ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі
Осыған байланысты агенттік қазақстандықтарға маңызды ескерту жасады.
"Қоса қарыз алушы болуға келіспес бұрын, шарттың талаптарымен мұқият танысып, негізгі қарыз алушының қарызды өтеуде қиындықтары туындаған жағдайда өзінің қаржылық мүмкіндіктерін объективті бағалауға, сондай-ақ міндеттемелер қоса қарыз алушылардың санына қарамастан шарт талаптары толық орындалғанға дейін сақталатынын ескеруге кеңес беріледі. Кредит мәмілесіне қатысу туралы шешім қабылдау терең ойлануды және онымен байланысты барлық тәуекелді түсінуді талап етеді. Ықтимал салдарды жеткілікті бағаламау айтарлықтай қаржылай салмақ салуы мүмкін".
Бұған дейін Ұлттық банк 2000, 5000 және 10 000 теңгелік банкноталарға қатысты маңызды ескерту жасағанын жазғанбыз.