Қала әлемдегі беделді Eater басылымының "Where to Eat 2026" тізіміне енді.
Басылымның мәліметінше, соңғы бірнеше жылда Алматы гастрономиялық туризмді қарқынды дамытып келеді. Қалада өңірдегі жетекші аспаздарды біріктірген алғашқы Almaty Food Fest фестивалі ұйымдастырылып, алғашқы гастрономиялық гид жарық көрді.
Eater сарапшылары Алматының тағам мәдениеті көшпелі қазақ дәстүрлері мен түрлі халықтардың аспаздық мұрасын үйлестіретінін атап өткен.
Басылымның бағалауынша, бесбармақ, қазы, ет қосылған самса, бауырсақ пен қуырылған лағман арқылы саяхатшылар қазақтың дәстүрлі тағамдарымен қатар ұйғыр, орыс, өзбек, корей, түрік және үнді асханаларының да ықпалын сезіне алады.
Сондай-ақ Көк базар ұлттық тағамдардың дәстүрлі орталығы болып қала берсе, нео-көшпелі бағыттағы заманауи мейрамханалар қазақ асханасын жаңа үлгіде ұсынып келеді.
"Биыл тамақтануға арналған ең үздік саяхат бағыттарын таңдағанда, біз тек үздік мейрамханаларды ғана емес, оларды шын жүректен ұсынатын адамдарды да іздедік. Авторларымыз бұл тізімге өздері жақсы білетін, тіпті көбісі туған жеріндей көретін орындарды енгізді. Ал әлемнің түкпір-түкпіріндегі бас аспаздар мен рестораторлар өздеріне шабыт сыйлаған дәмдерді ұсынды. Қазақтың нео-көшпелі той дастарханы биыл саяхатшыларды ерекше гастрономиялық тәжірибе күтіп тұрғанын айқын көрсетеді", – деп жазады басылым.
Айта кетейік, Eater – мейрамханалар мен гастрономия тақырыбындағы әлемдегі ең ықпалды басылымдардың бірі. Сарапшылардың пікірінше, Алматының бұл тізімге енуі қаланың халықаралық беделін арттырып, гастрономиялық туризмнің одан әрі дамуына серпін береді.