Бұл туралы "Қазгидромет" РМК таратқан ескертуде айтылған.
"2026 жылғы 27 шілдеде Ақтөбе мен Алматыда, түнде Астана, Теміртау, Қарағанды және Қостанай қалаларында қолайсыз метеорологиялық жағдай күтіледі", – делінген хабарламада.
Қолайсыз метеорологиялық жағдай – атмосфералық ауаның жерге жақын қабатында зиянды, ластаушы заттардың жиналуына ықпал ететін қысқа мерзімді метеорологиялық факторлардың жиынтығы. Оларға желсіз ауа райы, баяу жел, тұман және инверсия жатады.
Мұндай жағдайда қала тұрғындарына, әсіресе автокөлік жолдары мен басқа да ластаушы көздердің маңында ашық ауада жүру уақытын қысқарту ұсынылады. Ал өкпенің созылмалы, жүрек-қан тамырлары және аллергиялық аурулары бар адамдар сыртқа шыққанда өздеріне қажетті дәрі-дәрмектерді бірге алып жүруі керек.
Бұған дейін "Қазгидромет" 2026 жылғы 27 шілдеге арналған дауылды ескерту жариялады. Синоптиктер Алматы, Шымкент қалалары мен Қазақстанның барлық 17 облысында қауіпті ауа райы құбылыстары болатынын ескертті.