Кейін қала әкімдігі түтіннің шығуына қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында болған өрт себеп болғанын хабарлады.
Орал әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиевтің айтуынша, өрт 27 шілде күні сағат 14:30 шамасында басталған. Жалынның таралуына аптап ыстық пен екпіні күшті жел әсер еткен.
Сурет: Zakon.kz
Өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері, коммуналдық қызметтер және өңірдегі құрылыс компаниялары жұмылдырылған.
"Бүгін, 2026 жылғы 28 шілдеде Орал қаласы әкімдігінің шешімімен қалада жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай режимі енгізілді. Бұл арнайы техникаларды жанармаймен қамтамасыз ету және жеке құрамның тамақтануын ұйымдастыру мәселелерін жедел шешуге мүмкіндік береді. Режим өрт толық оқшауланғанға дейін жалғасады", – деді ол.
Қазіргі уақытта өрт орнында 40-50 техника жұмыс істеп жатыр. Полигонның жалпы аумағы – 35 гектар. Өрт шамамен 13 гектар жерді қамтыған. Үш гектар аумақ толық сөндірілген, тағы шамамен 10 гектар жерде ашық жалынсыз түтіндеу жалғасып жатыр.
Сурет: Zakon.kz
Дүйсенғалиевтің айтуынша, полигон 1975 жылдан бері пайдаланылып келеді және өзінің пайдалану мерзімін толық аяқтаған.
"Кейінгі жылдары полигонды рекультивациялау және жабу бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Мамандардың пікірінше, мұнда жерасты газы көп мөлшерде жиналған. Сол себепті қолайсыз ауа райы кезінде қайтадан өрт шығуы мүмкін. Қазір карьерден топырақ әкеліп, түтіндеп жатқан ошақтарды көміп жатырмыз", – деп түсіндірді ол.
Оның сөзінше, полигонды рекультивациялау жобасы 2024 жылы әзірленген. Қазір билік оны қаржыландыру мәселесін пысықтап жатыр.
Сурет: Zakon.kz
Сонымен қатар әкімдік Оңтүстік Корея, Қытай және Италия елдерінің әлеуетті инвесторларымен келіссөз жүргізуде. Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп, қажетті рұқсат құжаттарын рәсімдеу мәселелері қарастырылып жатыр.
"Қажетті құжаттарды рәсімдеуді бірінші болып аяқтаған инвесторға ынтымақтастық ұсынылады. Әкімдік қатты тұрмыстық қалдықтарды қабылдайтын жаңа нысан салу үшін жер учаскесін беруге дайын. Жоба қалдықтарды қайта өңдеп, электр энергиясын өндіруді көздейді", – деп қорытындылады әкім орынбасары.
Орал қаласына қарасты Зашаған ауданындағы (қала әкімдігіне бағынысты ірі тұрғын алап – ред.) полигон 50 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келеді. Мұнда 2 миллион текше метрден астам қалдық жиналған.
Жыл сайын Оралдың шеткі аймақтарындағы тұрғындар полигонда жиі болатын өрттердің салдарынан улы түтінмен тыныстауға мәжбүр.