Президент жалпы ұзындығы 774 шақырым болатын "Қызылорда – Сексеуіл" және "Ұлғайсын – Сексеуіл" автожолдарын кеңейту әрі түбегейлі жаңғырту жұмыстары басталғанын мәлімдеді.
"Бұл жолдардың құрылысымен отандық компаниялар айналысады. Құрылыс жұмыстарына 10 мыңнан астам жұмысшы тартылады. Жолдар толық салынып біткен соң жүк тасымалы 2,5 есе артып, жылына 13,2 миллион тоннаға жетеді. Бұл жобалар ел экономикасын өркендетуге, туризмді дамытуға тың серпін беріп, халықтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізері сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір жаңа жобаның Қазақстанның тұтас көлік жүйесімен үйлесетінін атап өтті. Бұған дейін негізінен солтүстіктен оңтүстікке қарай тартылған көлік желілері енді шығыстан батысқа бағытталған жаңа тармақтармен толығып жатыр.
"Басты мақсат – елімізді Еуропа мен Азияны жалғастыратын жетекші логистикалық желінің біріне айналдыру. Қазақстандағы автокөлік тасымалы саласы табысы жағынан теміржол көлігімен теңесті. Сондықтан жол құрылысымен қатар заманауи цифрлық экожүйе қалыптастыру маңызды міндет саналады. Жергілікті автомобиль өндірісін тарта отырып, отандық тасымалдаушыларды қолдауға арналған ұлттық бағдарламаны қабылдау саланың әлеуетін еселейді. Мұның бәрі Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктерін кеңейте түседі, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, Арал маңындағы иен даламен тартылатын жолдар бұған дейін тұйық бағыт саналған аумақтарды Еуразияның негізгі көлік дәліздері тоғысатын маңызды нүктеге айналдырады.
"Бүгін басталған жұмысты уақтылы, яғни 2029 жылдан кешіктірмей аяқтау өте маңызды. Қажетті жағдайдың барлығы жасалып жатыр. Енді білек сыбана жұмысқа кірісу керек. Біз бір ел болып, бұл міндетті ойдағыдай жүзеге асырамыз. Мен бұған кәміл сенемін. Баршаңызға амандық, сәттілік және табыс тілеймін! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Телекөпір барысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев, Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай жобаны бастауға әзірлік жөнінде баяндады.
Бұдан бөлек Қызылорда облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев сөз сөйлеп, Президентке өңір тұрғындарының ризашылығын жеткізді.