Аптап ыстық рекордтары
Ұсынылған мәліметке сәйкес, шілде айында Қазақстан аумағының басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормадан 1-4°С жоғары болды.
Бір ай ішінде температуралық рекордтар еліміздің оңтүстігінде ғана емес, солтүстік, шығыс және орталық өңірлерінде де тіркелді.
Мәселен, Алматыда 16-20 шілде аралығында қатты және өте қатты ыстық болып, алдыңғы жылдардағы бірнеше рекорд жаңарды:
- 16 шілдеде ауа температурасы +38°С-қа жетіп, 2015 жылғы рекордтан (+37°С) асты;
- 17 шілдеде +39,2°С тіркеліп, 1945 жылдан бері сақталып келген рекорд (+37,4°С) жаңарды;
- 18 шілдеде ауа температурасы +40°С-қа жетіп, 1997 жылғы көрсеткіштен (+39,7°С) асты;
- 20 шілдеде ең жоғары температура +41,5°С болып, 2007 жылғы рекорд (+39,5°С) жаңарды.
Шымкентте 16-20 шілде аралығында бұдан да ыстық болды. Осы күндері ауа температурасы тиісінше +41,3°С, +43,1°С, +45°С және +45,2°С-қа дейін көтерілді. Бұл көрсеткіштер 1915 жылғы 16-17 шілдеде тіркелген +41,1°С және +40,1°С, сондай-ақ 2019 жылғы 19-20 шілдедегі +40,2°С және +40,7°С рекордтарынан жоғары.
Астанада 14 шілдеде ауа температурасы +38,6°С-қа жетіп, 1992 жылғы рекордтан (+35,3°С) асты.
Көпжылдық температуралық рекордтар еліміздің шығысында да жаңарды:
- 2 шілдеде Өскеменде +34,4°С тіркеліп, 1969 жылғы рекордтан (+33,9°С) асты;
- 16 шілдеде ең жоғары температура +39,7°С-қа жетіп, 1969 жылғы көрсеткіштен (+37,2°С) жоғары болды.
- Қызылорда мен Түркістанда ауа температурасы +45...+47°С-қа дейін көтерілді:
- 17 шілдеде Қызылордада +45,2°С тіркеліп, 2015 жылғы рекорд (+43,6°С) жаңарды;
- 18 шілдеде Түркістанда ауа температурасы +47,6°С-қа жетіп, 2019 жылғы рекордтан (+43,7°С) асты.
Астанадағы ең жоғары ауа температурасы 23 маусымда тіркеліп, +36,8°С болды. Ал ең төменгі температура 3 шілдеге қараған түні байқалып, +23,1°С-ты құрады. Бір айда 56 мм жауын-шашын түсті. Бұл айлық нормадан аз, қалыпты көрсеткіш – 65 мм. Дегенмен 22 шілдеде 21 мм нөсер жаңбыр жауды.
Жауын-шашын рекордтары
"Қазгидромет" мәліметінше, ел аумағының басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері климаттық норма шамасында немесе одан аз болды. Алайда республиканың оңтүстік-батысында, сондай-ақ солтүстік-батыс, солтүстік, орталық, оңтүстік, оңтүстік-шығыс және шығыс өңірлердің жекелеген аудандарында жауын-шашын мөлшері нормадан 1,3-4 есе көп түсті.
Түркістан облысындағы Жетісай метеостанциясында жауын-шашын мөлшері айлық нормадан 15 есе асты. Бұл аймақтағы бір айлық норма – 1 мм.
Қазақстанның түрлі өңірінде атмосфералық жауын-шашын мөлшері бойынша да рекордтар тіркелді.
Метеорологтердің мәліметінше:
- 4 шілдеде Жамбыл облысындағы Тараз метеостанциясында айлық норма 18 мм болғанына қарамастан, 22 мм нөсер жаңбыр жауды;
- 6 шілдеде Қарағанды облысындағы Сарышаған метеостанциясында 20 мм жауын-шашын түсті, ал айлық норма – 14 мм;
- 8 шілдеде Батыс Қазақстан облысындағы Шыңғырлау метеостанциясында айлық норма 23 мм бола тұра, 28 мм нөсер жаңбыр жауды;
- 9 және 10 шілдеде Атырау облысындағы Махамбет метеостанциясында тиісінше 19 және 22 мм жауын-шашын тіркелді, ал айлық норма – 16 мм.
- 20 шілдеде Қостанай облысындағы Пресногорьковка метеостанциясында өте қатты жаңбыр жауып, 70 мм жауын-шашын түсті. Бұл жердегі норма – 59 мм.
2026 жылғы 16 шілдеде Қазақстанда 71 жыл бұрын тіркелген температуралық рекордтың жаңарғаны белгілі болды. Ал 17 шілдеде Алматыдағы аптап ыстық 50 жыл бойы сақталған рекордты жаңартқаны хабарланды.
Бұған дейін синоптиктер 2026 жылғы 20-22 тамыз аралығында Қазақстанда нөсер жаңбыр жауып, ауа температурасы кей өңірлерде +41°С-қа дейін көтерілетінін хабарлаған еді.