Дауыс беру кезінде кейуана елге ақ тілегін арнап, ұрпағына амандық, халқына бейбіт өмір, Қазақстанға жарқын болашақ тіледі.
"Ұрпағымыз аман болсын, елімізде тыныштық орнасын. Қазақстанымыздың болашағы жарқын болсын", – деп бата берді Түймегүл апа.
Түймегүл апаның таңдауы – жай ғана бір дауыс емес. Ғасырдан астам тарихтың куәсі болған кейуананың ел болашағына арнаған ақ батасындай әсер қалдырды.
Түймегүл Темірбаева бұған дейін де елдегі маңызды қоғамдық-саяси науқандардан шет қалмаған. 2026 жылы өткен республикалық референдумда да арнайы тасымалданатын дауыс беру жәшігінің көмегімен өз таңдауын жасаған.
116 жастағы кейуананың сайлауға қатысуы "Елдің болашағы – әрқайсымызға ортақ іс" деген қарапайым әрі терең ойдың көрінісіндей болды.
Түймегүл Темірбаева Ұлытау облысының Қызылжар ауылында тұрады және Қазақстанның ең қарт тұрғыны саналады. 1910 жылы дүниеге келген ол биыл 116 жасқа толды.
Кейуананың ел үшін маңызды қоғамдық-саяси науқанға қатысып, азаматтық ұстанымын білдіруі – ел болашағына деген жауапкершіліктің жарқын көрінісі әрі кейінгі ұрпаққа үлгі.
Түймегүл апа ғұмырының басым бөлігін отбасы мен еңбекке арнаған. Жолдасы Аязбай Темірбаевпен бірге жылқы өсіріп, адал еңбек еткен. Бүгінде ол 15 немере мен 25 шөберенің ардақты әжесі.
Кейуананың айтуынша, ұзақ өмір сүрудің сыры – адал еңбек, ақ ниет және жақындарыңа деген сүйіспеншілік. Бұған дейінгі сұхбаттарында Түймегүл апа әлі күнге дейін үй шаруасына араласып, құрт жасап, шамасы келгенше тірлікке қолғабыс ететінін айтқан.
Айта кетейік, бүгін Қазақстанда тарихта алғаш рет Құрылтай депутаттарын сайлау өтіп жатыр.