Бұл туралы КТК телеарнасында жарияланды.
Телеарна ақпаратына сәйкес, төрт жыл бұрын олар коттедж құрылысына қаржы салған, алайда көптен күткен баспаналарына сол күйі қол жеткізе алмаған. Амалы таусылған тұрғындар полицияға жүгінген.
Жәбірленушілердің айтуынша, жеке кәсіпкер үйлерді іргетасы ғана қаланған кезде сатқан. Үлескерлермен алдын ала сатып алу-сату шартын жасасып, әр үйдің құнын 33 млн теңгеден бастап бағалаған.
"Бұл нысанда құрылыс салушы іргетасын қалап, кірпіш қабырғаларын тұрғызған. Мұнда әзірге терезе де, есік те, баспалдақ та жоқ. Құрылыс жұмыстары тоқтап қалған", – делінген сюжетте.
Уақыт өте келе үлескерлер компания басшысының жер телімдерін бірнеше рет қайта сатқанын және ақшамен бірге ізін суытқанын анықтаған. Оның кеңсесі дәл осы құрылыс алаңында, кәдімгі темір контейнерде орналасқан. Алайда бұл жағдай клиенттерді күмәндандырмаған.
Қазір кәсіпкер телефон қоңырауларына жауап бермейді. Үлескерлер полицияға арыз жазған. Құқық қорғау органдары аса ірі көлемдегі алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдікті халықаралық іздеуге жарияланды.
Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, сот күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде қамауда ұстауды сырттай таңдаған.
"Қазір құқық қорғау органдары келтірілген шығын көлемін анықтап жатыр. Күдіктінің нысандарына тыйым салынды. Егер кінәсі дәлелденсе, оған мүлкін тәркілеумен бірге 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы берілуі мүмкін", – делінген сюжетте.
Маңғыстау облысында жеке кәсіпкер демалыс базасын салуға арналған 117,2 миллион теңге көлеміндегі мемлекеттік субсидияны заңсыз алғаны туралы жазған болатынбыз.