Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласындағы басты міндеттерді атады

Сурет: akorda.kz
2026 жылдың 26 тамызында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық тамыз конференциясының пленарлық отырысында сөз сөйлеп, ұстаздар қауымын дәстүрлі жиынның ашылуымен құттықтады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ресми ақпаратты Ақорданың баспасөз қызметі айтты.

Биылғы Республикалық тамыз конференциясы "Адам капиталы, білім, прогресс – Халықтық Конституцияның негізгі құндылықтары" тақырыбына арналды. Жиынға еліміздің барлық өңірінен педагогтер қатысты.

Президент өз сөзінде мұғалімнің ұлт болашағын қалыптастырудағы рөліне ерекше тоқталып, білім беру саласын дамыту мемлекеттің стратегиялық міндеттерінің бірі екенін атап өтті.

"Бүгінгі жиынға Қазақстанның барлық аймағынан ұлағатты ұстаздар арнайы келіп отыр. Мықты мұғалім – сапалы ұлттың тірегі, бұл – нағыз ақиқат", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы конференция барысында айтылған ұсыныстар мен көтерілген мәселелер назардан тыс қалмауға тиіс екенін айтты.

"Бүгін өте ұтымды, мазмұнды баяндамаларды тыңдадық, тиімді пікірлер мен ұсыныстар айтылды. Сөз сөйлеген ұстаздарға, бүкіл мұғалімдер қауымына ризашылығымды, ілтипатымды білдіремін. Тиісті министрлік, жалпы Үкімет айтылған мәселелерді үнемі назарда ұстауы керек. Бұл жұмысты аса маңызды стратегиялық міндет деп түсіну қажет", – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаз мәртебесін көтеру мен мұғалім еңбегін бағалаудың ел болашағы үшін маңызы зор екенін атап өтті. Осы орайда ол Абайдың 38-қара сөзіндегі ұстаз туралы ойына тоқталды.

"Ұстазды ұлықтаған елдің келешегі жарқын болары айдан анық. Ұлы Абай 38-ші қара сөзінде адамның адамдығы жақсы ұстаздан болатынын айтқан", – деді Мемлекет басшысы.

Президент мұғалімдер өскелең ұрпаққа білім берумен қатар, олардың бойына отаншылдық пен озық ойлау қасиеттерін сіңіріп, бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыруға үлес қосып келе жатқанын айтты.

"Сіздер жас буынға терең білім беріп, саналы, озық ойлы және отаншыл ұрпақ тәрбиелеуге зор еңбек сіңіріп жүрсіздер. Осылайша, бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыруға атсалысып келесіздер", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан
Астана
Тоқаев Касым-Жомарт

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Қазақстандық таеквондошы Қытайдағы халықаралық турнирде қола медаль иеленді

Тікұшақ Қырғызстан тауларынан екі альпинистің мәйітін түсірді: үшіншісінің жағдайы қандай

"Құдаласып, киіт кигізу". Желіде қазақтың дәстүрлі сый-кәдесі қызу талқыға түсіп жатыр

Президент Құрылтайдың бірінші сессиясын шақыру туралы Жарлыққа қол қойды

Отбасы шешімі өзгеге өмір сыйлады: Маңғыстау облысында науқасқа жүрек трансплантациясы жасалды