Президент биылғы Тамыз конференциясы елдегі ауқымды өзгерістер кезеңімен тұспа-тұс келгеніне назар аударды.
"Биылғы Тамыз конференциясы еліміздегі ауқымды өзгерістер кезеңіне тұспа-тұс келді. Бәріміз бір ел болып, түбегейлі реформаларды ойдағыдай жүзеге асырдық", – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев наурыз айында өткен жалпыұлттық референдум нәтижесінде жаңа Халық Конституциясы қабылданғанын атап өтті. Оның айтуынша, тұтас қоғам қолдаған Ата заң 1 шілдеде күшіне енді.
"Бұл – еліміз үшін маңызы ерекше тарихи оқиға. Бас құжатта тұңғыш рет білім саласына айрықша мән берілді, яғни адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны дамыту еліміздің стратегиялық бағыты ретінде айқындалды", – деді Президент.
Мемлекет басшысы бұған дейін Тамыз конференциясында мықты мұғалім сапалы ұлттың тірегі екенін айтып, ұстаздардың бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастырудағы рөліне тоқталған болатын.