Қазақстан президенті: Кейінгі бес жылда 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1120 мектеп салынды

Фото: akorda.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық тамыз конференциясының пленарлық отырысында еліміздегі білім беру инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Президенттің айтуынша, ел болашағын айқындайтын тарихи өзгерістердің табысты болуы үшін ең алдымен қоғамдық сана жаңғыруы қажет. Бұл ретте мұғалімдерге айрықша жауапкершілік жүктеледі.

"Әлемді ең дамыған технология өзгертуі мүмкін. Ал адамды, оның дүниетанымын өзгерту – нағыз ұстаздың ғана қолынан келетін іс. Сондықтан мемлекет білім жүйесін дамытуға әрдайым баса назар аударады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы соңғы жеті жылда білім саласына бөлінетін қаржы үш есе артып, 6,4 трлн теңгеге жеткенін мәлімдеді.

Сондай-ақ кейінгі бес жылда елімізде 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1120 мектеп салынған. Бұдан бөлек, 5 мыңнан астам ауыл мектебінің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, білім ошақтарында 7 мыңнан астам заманауи пән кабинеті жабдықталған.

Президент "Келешек мектептері" жобасының нәтижелеріне де тоқталды.

"Осыдан екі жыл бұрын менің тікелей тапсырмаммен "Келешек мектептері" жобасы бастау алды. Осы жоба аясында 460 мың оқушыға арналған 217 мектеп салынды. Заманауи мектептердің жаңа стандарты пайда болды десек, артық болмайды", – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев мектептерге сұраныс жоғары өңірлерде жаңа білім ошақтарын салу жалғасатынын атап өтті.

"Алайда біз әрбір өңірде, соның ішінде мектептерге сұраныс бар аудандарда сапалы оқу орындарының құрылысын міндетті түрде жалғастырамыз. Бұл – алдымызда тұрған мемлекеттік маңызға ие аса өзекті міндет. Уақытты созбай жұмысқа кірісуіміз керек, келесі жылы құрылыс барысы қарқынды болуы қажет", – деді Президент.
Қазақстан
Астана
Тоқаев Касым-Жомарт

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Қазақстандық таеквондошы Қытайдағы халықаралық турнирде қола медаль иеленді

Тікұшақ Қырғызстан тауларынан екі альпинистің мәйітін түсірді: үшіншісінің жағдайы қандай

"Құдаласып, киіт кигізу". Желіде қазақтың дәстүрлі сый-кәдесі қызу талқыға түсіп жатыр

Президент Құрылтайдың бірінші сессиясын шақыру туралы Жарлыққа қол қойды

Отбасы шешімі өзгеге өмір сыйлады: Маңғыстау облысында науқасқа жүрек трансплантациясы жасалды