Мемлекет басшысы мұндай жағдайда өз егемендігін экономика, ғылым, әскери және дипломатия салаларында нақты іспен қорғап, нығайта алатын, сондай-ақ адам әлеуетін дамытуға басымдық беретін мемлекеттер ғана жаңа дәуірге бейімделетінін атап өтті.
"Дәл осы себепті мемлекетімізді жан-жақты жаңғырту стратегиялық тұрғыдан маңызды. Мақтангершілік емес, әділін айтсақ, біз жүргізіп жатқан ауқымды реформалардың қарқыны алдағы уақытта үдей түспесе, бәсеңдемейді", – деді Президент.
Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан үшін реформаларды жалғастырудың баламасы жоқ.
"Қарапайым тілмен айтқанда, артқа шегінер жол жоқ. Бұл – елеулі жетістік", – деді ол.
Президент Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалардың күн тәртібінде қазіргі және болашақтағы ықтимал жаһандық сын-қатерлер ескерілгенін жеткізді.
"Басқаша айтқанда, сол сынақтарды еңсеру үшін алдын алу шаралары қабылданады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оның айтуынша, негізгі мақсат – туындауы мүмкін сынақтарға алдын ала дайындалып, оларды еңсеруге қажетті шараларды уақытылы қабылдау.