Депутаттар озық технологияларды ұтымды қолдануы керек
Фото: akorda.kz
Мемлекет басшысы заң шығару аса жауапты жұмыс екенін атап өтті. Оның айтуынша, заңдар әділетті, халыққа түсінікті әрі заман талабына сай болуы керек. Себебі заңның әр нормасы азаматтардың өмірі мен тағдырына тікелей әсер етеді.
Осыған байланысты заңның әр тармағын тыңғылықты қарастырып, жан-жақты талқылау қажет.
Заң шығару қызметінің сапасын арттыру және жемқорлыққа себеп болатын жағдайлардың алдын алу үшін жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануға болады. Сонымен қатар озық технологиялар кәсіби құқықтық сараптаманы алмастыра алмайтынын, алайда оларды сауатты қолдану арқылы талдау жұмысының тиімділігін арттыруға болады, деп айтты Президент.
Қазіргі уақытта Президенттің бастамасымен "E-Parliament" ақпараттық жүйесі әзірленіп жатыр. Бұл жүйе қоғамдағы түйткілдерді заңнамалық тұрғыдан алдын ала реттеуге мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы цифрлық қызметтерді бір жерге тоғыстыру маңызды екенін атап өтіп, құзырлы органдарға депутаттармен бірлесіп, платформаны Құрылтай қызметіне тезірек бейімдеуді тапсырды.
Сондай-ақ ел үшін аса маңызды заң жобаларын сарапшылармен бірге жан-жақты талқылау қажеттігі айтылды. Бұл ретте қағазбастылық пен салғырттыққа жол бермеу керектігі ескертілді.
Президент Құрылтай қоғамдағы өзекті мәселелерге дер кезінде үн қататын жалпыұлттық диалог алаңына айналуы қажет екенін айтты. Депутаттардың қызметі заңдылық, ашықтық, өзара сыйластық және пікір алуандығы қағидаттарына негізделуге тиіс.