Қала тұрғындарының бірі лық толған метроның видеосын әлеуметтік желіде жариялады.
"Метро. Қош келдің, қыркүйек, – деп әзілдеді видео авторы.
Айта кетейік, бір күн бұрын, 31 тамызда Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі қала тұрғындары мен қонақтарына жол жүру бағытын алдын ала жоспарлауға кеңес берген еді.
"1 қыркүйекте жол жүру бағытын алдын ала жоспарлаңыздар. Қарбалас уақытта мүмкіндігінше қоғамдық көлік пен метроны таңдаңыздар, – делінген хабарламада.
Zakon.kz тілшісі Білім күнінің алғашқы жартысында метрополитенде қалыптасқан жағдайға қатысты "Метрополитен" КМК баспасөз қызметінен түсініктеме алды.
Кәсіпорынның мәліметінше, жаңа оқу жылының алғашқы күні Алматы метросындағы жолаушылар ағыны едәуір артқан.
"1 қыркүйекте сағат 06:20-дан 15:00-ге дейін метро қызметін 40 мыңға жуық жолаушы пайдаланды, – деп хабарлады "Метрополитен" КМК.
Сонымен қатар жаңа оқу жылының басталуына байланысты электр пойыздарының қозғалыс кестесі өзгертілді. Енді таңғы және кешкі қарбалас уақытта пойыздар арасындағы интервал 3 минут 27 секундқа дейін қысқартылды.
Қазақстанның әр өңірінде Білім күніне арналған салтанатты жиындардың қалай өткені туралы осы сілтемеден оқуға болады.