Мұндай шешім қаладағы қылмыс деңгейін төмендетуге бағытталған "Айқын нәтиже" жобасы аясында қабылданды. Бұл мәселе Алмалы ауданы прокуратурасы мен Полиция басқармасының жұмыс кеңесінде талқыланды.
"Кеңес қорытындысы бойынша қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі қосымша шаралар белгіленді. Негізгі шешімдердің бірі – адамдар көп жиналатын орындарда полиция қызметкерлерінің тікелей қатысуын күшейту. Кешкі және түнгі уақытта полицейлер белгілі бір уақыт аралығында ойын-сауық орындарына кіріп, залдарды аралайды және жағдайды бағалайды. Бұл ретте олардың міндеті – келушілерге қолайсыздық туғызбау және қажеттілік болмаса, мекеменің жұмысына араласпау, – деп хабарлады қадағалау органы 2026 жылғы 2 қыркүйекте.
Бұл шара, ең алдымен, құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған. Полиция қызметкерлерінің мұндай орындарда болуы жағдайды бақылауға және ықтимал заң бұзушылықтарға дер кезінде ден қоюға мүмкіндік береді.
Бұған дейін полиция ойын-сауық орындарының басшылары және жалға алушыларымен, сондай-ақ азық-түлік дүкендерінің өкілдерімен профилактикалық кездесулер өткізіп жатқанын хабарлаған еді.