Атақты шорт-трекші Абзал Әжіғалиев спорттағы мансабын аяқтады
Сурет: olympic.kz
Спортшы бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды:
"Құрметті жанкүйерлер! Сіздерге өмірімде болып жатқан маңызды өзгерістер жайлы айтуды жөн көрдім. Мен шорт-трекпен алғаш рет 24 жыл бұрын таныстым. Сол күннен бастап бұл спорт өмірімнің ажырамас бөлігіне айналды. Ал 2009 жылдан бастап Қазақстан ұлттық құрамасының сапында ел намысын қорғау бақыты бұйырды. Осы жылдар ішінде бүкіл қашықтықта Қазақстан чемпионы атана алдым. Еліміздің тарихындағы алғашқы Әлем кубогының алтын медалін жеңіп алып, халықаралық жарыстарда талай рет жеңіс тұғырына көтерілдім. Төрт Олимпиада ойындарына қатысып, екі мәрте Қазақстан Туын Олимпиада аренасына алып шығу құрметіне ие болдым. Мен үшін бұл - ең үлкен мәртебе. Спорт маған тек жарысуды емес, мінез, тәртіп, төзім және Отан алдындағы жауапкершіліктің не екенін үйретті. Осы жолда мен әр жарыс сайын Қазақстанның абыройын асқақтатуға бар күш-жігерімді салдым. Биыл кәсіби спортшы ретіндегі мансабымды аяқтау туралы шешім қабылдадым".
Сондай-ақ ол кез келген спортшының жолында жаңа белеске қадам басар сәті келетінін, өзі үшін дәл сондай кезең басталғанын айтады.
"Осы жылдардың әр сәтіне ризамын. Басы́п өткен жолыма көз жүгіртсем, жүрегімді өкініш емес, шексіз алғыс пен мақтаныш сезімі кернейді. Енді сол жолдың жалғасын жаңа міндетпен жалғастыратын уақыт келді. Алдағы мақсатым – осы жылдар бойы жинаған тәжірибем мен білімімді Қазақстан спортының дамуына арнау. Ұлттық құраманың жанынан табылып, жас спортшыларға бағыт-бағдар беріп, Қазақстан шорт-трегінің болашағы үшін еңбек етуді өзімнің азаматтық әрі спорт алдындағы парызым деп білемін. Мен үшін ең маңыздысы – келесі буынның бұдан да биік белестерді бағындыруы. Осы жылдар бойы сенім білдіріп, қолдау көрсеткен отбасыма, бапкерлеріме, командаластарыма, дәрігерлерге, мамандарға және бірге еңбек еткен барша жанға шынайы алғысымды білдіремін. Қуанышымды да, жеңілісімді де бірге бөліскен әр жанкүйерге рақмет. Сіздердің сенімдеріңіз бен қолдауларыңыз маған әрдайым ерекше күш беретін. Алдағы уақытта да командамызды қолдап, шорт-трек спортын ұмытпауларыңызды сұраймын. Ал менің спорттағы миссиям аяқталған жоқ. Тек енді ол жаңа деңгейде жалғасады", деп жазды Абзал Әжіғалиев.
Абзал Әжіғалиев ұзақ жылдар бойы Қазақстан шорт-трегіндегі үздік спортшылардың бірі болды.
Абзал Әжіғалиев Олимпиададағы жолын 2014 жылы Сочиде бастады. Сол додада бесінші орын алды. 2018 жылы алтыншы орынға ие болды. Ал 2022 жылы Бейжіңде өткен Олимпиадада 500 метр қашықтықта төртінші болып, жүлдеге бір қадам жетпей қалды.
Әжіғалиев – Азия ойындарының бірнеше дүркін жүлдегері. 2025 жылғы Азия ойындарында ерлер эстафетасында алтын медаль жеңіп алды. Ал 2016 жылы өткен Әлем кубогы аясында 500 метр қашықтықта топ жарды.
Абзал Әжіғалиев – шорт-тректен Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы. Ол 2018 және 2022 жылдары Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында Қазақстан құрамасының Туын алып шықты.
Бұған дейін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан қоржыны тағы екі қола медальмен толыққанын жазғанбыз.