The Times of Central Asia редакциясының пікірінше, Астана мен Алматы Орталық Азиядағы теңдесі жоқ экономикалық ауқымға ие. Басылымның мәліметінше, Қазақстанның үлесіне өңірдің жалпы ішкі өнімінің жартысынан астамы және тікелей шетелдік инвестициялардың шамамен үштен екісі тиесілі.
Сонымен қатар тілші Қазақстанның өңірдегі ең дамыған капитал нарықтарына ие екенін және егемендік кредиттік рейтингі жоғары ел саналатынын атап өткен.
"Бұл артықшылықтар ондаған жыл бойы қалыптасты. Алматы мен Астана ұзақ уақыт бойы әлемнің ірі компаниялары үшін өңірлік база қызметін атқарып, корпоративтік басқару, қаржы, кәсіби қызметтер және білікті жұмыс күші салаларында орныққан экожүйе қалыптастырды. Бұл тәжірибе өз кезегінде қосымша инвестициялар мен өңірлік штаб-пәтерлерді тарту мүмкіндігін күшейтеді", – деп жазады басылым.
Журналистер Қазақстан қалаларынан кейін Ташкент келе жатқанын атап өткен. Алайда Алматы мен Астана жан басына шаққандағы экономикалық өнім көлемі бойынша айтарлықтай алда. 2025 жылы жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім Алматыда шамамен 29 900 доллар, Астанада 23 700 доллар болған. Ал Ташкентте бұл көрсеткіш шамамен 9300 долларды құраған.
Автор Өзбекстан астанасы бұл алшақтықты қысқарта ала ма деген сұрақ қояды. Оның айтуынша, Ташкент әзірге Астанадан оза қойған жоқ, бірақ арадағы айырмашылықты азайтты.
"Ресми деректер Ташкенттің кейінгі жылдардағы тұрақты озық даму қарқыны салыстырмалы айырмашылықты қысқартқанын көрсетеді. Алайда бұл артықшылық қаланың Астанамен теңесуі үшін жеткілікті ұзақ уақыт сақталуы мүмкін екенін дәлелдемейді", – делінген материалда.
Ташкенттің қарқынды дамып жатқаны сөзсіз. 2034 жылға дейін 200 мың пәтер салу, сондай-ақ бизнес, білім беру және көлік инфрақұрылымын дамыту жоспарланған. Қазірдің өзінде тұрғын үй кешендері, бизнес орталықтары мен университет кампустары салынып жатыр.
Алайда Қазақстан астанасы да бұл бағытқа айтарлықтай үлес қосып отыр. 2026 жылдың қаңтар-шілде айларында Астанада шамамен 2,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, жаңа көлік және коммуналдық инфрақұрылым құрылысы жүргізіліп жатыр.
"Осылайша, Ташкент үнемі өзгеріп отыратын мақсатты қуып келеді. Астананың 2025 жылғы күрт жеделдеуі Ташкенттің өсім қарқынындағы артықшылығының қаншалықты тез қысқаруы мүмкін екенін көрсетті. Қалған айырмашылықты жою үшін Ташкент елеулі экономикалық басымдығын сақтауы керек. Ал Астана өз экономикасы мен қалалық инфрақұрылымын одан әрі кеңейтіп жатыр. Егер Ташкент теңескенге дейін бұл артықшылық жоғалса, айырмашылықты қысқарту тоқтайды. Сондықтан қазіргі қалалық көрсеткіштер Ташкенттің Астананы басып озуға жақын екенін көрсетпейді", – деп есептейді журналист.
Алматыға келсек, басылым оны "әлдеқайда күрделі кедергі" деп атаған. Себебі қазір "алма қаласының" экономикасы Ташкент экономикасынан екі еседен астам үлкен. Бұл Өзбекстан астанасы айырмашылықты қысқарту үшін Алматыдан ондаған жыл бойы айтарлықтай жоғары қарқынмен дамуы қажет дегенді білдіреді.
Қазақстан өзінің тарихи артықшылықтарын одан әрі нығайтып келеді. Алматы мен Астана ондаған жыл бойы қалыптасқан корпоративтік байланыстарды, қаржы институттарын және тәжірибені кеңейтіп жатыр. Бұл олардың экономикалық көшбасшылығының негізі әлі де нығайып келе жатқанын көрсетеді, деп түйіндейді The Times of Central Asia.