ҚР Үкіметі баспасөз қызметінің мәліметінше, цифрлық деректер алмасудың арқасында 10 мыңнан астам адамның жүргізуші куәлігінің қолданылуы тоқтатылған.
Денсаулық сақтау министрлігі динамикалық медициналық бақылауда тұрған және көлік жүргізуге қарсы көрсетілімдері бар азаматтар туралы мәліметтерді уәкілетті органдарға береді.
"Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасады. Көлік жүргізуге қарсы көрсетілім болып саналатын аурулар тізбесі нозологияның сегіз түрін қамтиды", – деді Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов 2026 жылғы 10 қыркүйекте.
Сондай-ақ жүргізуші куәлігін алу кезінде медициналық куәландырудан өту процесі цифрландырылды. Медициналық анықтама электронды форматқа көшіріліп, дәрігерлік комиссияның қорытындысы ақпараттық жүйелерде көрсетіледі.
Бұған дейін, 8 қыркүйекте, қазақстандық азаматтың 2017 жылдан бері қолданып келген жүргізуші куәлігі медициналық диагнозына байланысты тоқтатылғаны хабарланған еді.