Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде елімізде ұлттық спорт саласында жұмыс істейтін 30-дан астам арнайы мекеме бар. Сонымен қатар Астанада Ұлттық спорт университеті ашылды.
"Бұл оқу орны спорт саласындағы кәсіби кадрларды даярлауға шешуші үлес қосады деп жоспарлап отырмыз. "Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы" да табысты қызмет ете бастады. Елімізде жыл сайын қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, көкпар, бәйге және басқа да спорт түрлері бойынша мыңнан астам жарыс өткізіледі", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық спорт түрлерінің фестивалі, "Ақ бидай" ауыл ойындары мен "Қазақстан барысы" додасы тұрақты түрде ұйымдастырылатынын атап өтті. Ең бастысы, ұлттық спорт пен олимпиадалық спорт түрлері заң жүзінде тең мәртебеге ие болды.
"Бүгінде қазақ спортының беделі зор. Мұны бүкіл әлем мойындайтын болды. Қазақстан спортшылары әрдайым үздіктер қатарында. Күні кеше даңқты спортшымыз Елена Рыбакина теннистен әлемнің бірінші ракеткасы атанды. Бұл – шын мәнінде өте үлкен жетістік. Мен Елена Рыбакинаны құттықтадым, оның еңбекқорлығы мен шеберлігін атап өтіп, бойындағы жеке мәдениетінің жоғары екеніне ерекше баға бердім", – деді Мемлекет басшысы.
Президент спорт саласындағы жетістіктерді Үкімет пен тиісті министрліктің табанды жұмысының алғашқы нәтижесі деп бағалады. Сонымен бірге бұл бағытта әлі де ауқымды міндеттер тұрғанын еске салды.
Мемлекет басшысы Қазақстанда түрлі халықаралық спорт додалары өткізіліп жатқанын айтты. Биыл Астанада дәстүрлі спорт пен цифрлық технологияны ұштастырған бірегей жарыс – "Болашақ ойындары" сәтті өтті.
"Келесі жылы елорда төрінде жеті бірдей әлем чемпионатының жалауы көтеріледі. Өте ауқымды жұмысты атқаруымыз керек. Бірақ мұның бәрі – еліміздің абыройы мен беделі үшін аса қажетті халықаралық іс-шаралар. Ал 2029 жылы Алматыда X Қысқы Азия ойындары өтеді. Осы маңызды шаралардың бәрін сапалы әрі жоғары деңгейде ұйымдастыру қажет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сөзінің соңында Президент спортшылардың жеңісі, ең алдымен, өскелең ұрпаққа жігер беретінін атап өтті.
"Жастар сіздерге қарап бой түзейді. Бұл – үлкен мәртебе және зор жауапкершілік. Жеңімпаз, чемпион болу – бір басқа, жеңімпазға, чемпионға лайық үлгі көрсету – бір бөлек. Жас ұрпақты табанды, қайсар, шыдамды болумен қатар, әдепті, мәдениетті, тиянақты болуға үйрету өте маңызды. Сонда жастарымыздың тәні де, жаны да сау, санасы сергек болады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.