Оның айтуынша, бүгінде әлеуметтік осал санаттағы азаматтар тұратын 96 мыңнан астам тұрғын үй есепке алынған. Үй-үйді аралау барысында бұл тізімдер нақтыланып отырады.
Тұрғындарға жылу беру және электр жүйелерін қалыпқа келтіруге көмек көрсетіліп, мұржалар күйеден тазартылып жатыр. Сондай-ақ басқа да профилактикалық жұмыстар жүргізіледі.
"Қазір еліміз бойынша әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтардың 36 мыңнан астам үйі профилактикалық шаралармен қамтылды. Әкімдіктермен және волонтерлермен бірлесіп, 6,5 мың үй өрт қауіпсіздігі талаптарына сай жағдайға келтірілді. Тұрғын үйлерге газ бен жану өнімдерінің қауіпті концентрациясын анықтайтын датчиктер орнату бойынша көпжылдық тәжірибе жалғасып келеді. Биылғы профилактикалық акция басталғалы әкімдіктер мен волонтерлердің көмегімен 1700-ден астам датчик орнатылды. Ал өткен жылыту маусымында тұрғын үйлерге 51 мыңнан астам автономды датчик қойылды", – деді Ерлан Төрегелдиев.
Спикердің айтуынша, бұл тәжірибе енгізілгеннен бері датчиктердің іске қосылуы бойынша 67 жағдай тіркелген. Соның арқасында 288 адамның уланып, қаза болуына жол берілмеді.
Бұған дейін Алматыда көпқабатты үйден өрт шығуына байланысты тұрғындардың эвакуацияланғаны хабарланған еді.