Жансұлтан Матайдың айтуынша, қазір банк тиісті дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр.
"Бізге тиісті лицензия алу қажет. Соның негізінде бірінші кезекте жеке және заңды тұлғаларға ағымдағы шоттар ашып, пайызсыз исламдық депозиттерді тарта аламыз. Толыққанды жұмыс істеу және исламдық ипотека беру үшін Құрылтай депутаттарымен бірлесіп, болашақта мұндай ипотеканы ұсынуға мүмкіндік беретін заңнамалық өзгерістерді пысықтауымыз қажет. Қазір исламдық қаржыландыру терезесін ашу үшін алдымен лицензия алуға қатысты корпоративтік шешімдер қабылданып жатыр", – деді ол.
Сонымен қатар Исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңес құрылады. Ол алдағы уақытта банктің осы бағыттағы жұмыс саясатын айқындайды.
Жансұлтан Матай исламдық ипотеканың нақты қашан іске қосылатынын айтуға әлі ерте екенін жеткізді.
"Әзірге нақты мерзім туралы айтуға ерте. Лицензия алғаннан кейін қосымша мерзімдер белгілі болады", – деді спикер.
Бұған дейін Жансұлтан Матай әйелдерге арналған "Ұмай" ипотекалық бағдарламасының талаптары қатаңдатылуы мүмкін бе деген сұраққа жауап берген еді.