Президент алдымен қонақжайлық танытып, жоғары деңгейдегі кездесуді ұйымдастырған Корея Республикасының Президенті Ли Чжэ Мёңге ризашылығын білдірді.
"Бұл диалогтың тарихы тереңде. Оған осыдан жиырма жыл бұрын корей тарапы бастамашы болған. Бүгінде ықпалдастық форматы жоғары саяси деңгейге көтерілді. Бұл – сан қырлы ынтымақтастығымыз шынайы стратегиялық байланыстар мен өзара сенімге ұласқанын айғақтайтын сәт. Бүгінгі саммитті шын мәнінде тарихи оқиға деп атауға болады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы саммитті ұйымдастыруға Ли Чжэ Мёңнің саяси ерік-жігер танытып, жеке үлес қосқанын атап өтті.
"Корея Республикасының Орталық Азия мемлекеттерімен тең дәрежелі әрі ұзақмерзімді серіктестікті жолға қою ниетіне куә болып отырмыз", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтар корей халқына, оның бірегей тарихына, дәстүрі мен мәдениетіне зор құрметпен қарайтынын айтты.
Президент Корея Республикасын қазіргі замандағы ұлттық өрлеудің таңғаларлық үлгісі деп атады.
"Білімге, инновацияға және адам капиталына басымдық берудің арқасында сіздер қысқа мерзім ішінде жетекші технологиялық державалардың қатарына қосылдыңыздар. Бұл – дамылсыз еңбектің, темірдей тәртіптің және табандылықтың заңды нәтижесі. Қазақ халқы жетістіктеріңізге шын мәнінде тәнті болып, сүйініп отырады", – деді Мемлекет басшысы.