Жезқазған әкімі отставкаға кетті

Сурет: Instagram/kairatsh_08
Жезқазған қаласын 2022 жылғы маусымнан бері басқарған Қайрат Шайжанов отставкаға кетті. Ол бұл шешімін бүгін, 2026 жылғы 17 қыркүйекте Instagram парақшасында жариялады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Шайжанов бұл күннің өзі үшін ерекше әрі толқынысқа толы екенін атап өтті.

"Қала әкімі қызметіндегі жұмысымды аяқтап, сіздермен қоштасатын уақыт келді. Төрт жыл бойы сіздермен бірге туған қаламызды дамыту жолында еңбек еттік, ыстығы мен суығын бірге көріп, қолдан келгеннің бәрін жасауға тырыстық. Бұл кезең мен үшін үлкен жауапкершілік қана емес, нағыз өмір мектебі әрі баға жетпес тәжірибе болды", – деді Қайрат Шайжанов.

Ол қала тұрғындарына білдірген сенімі мен қолдауы үшін алғыс айтты.

"Мен үшін Жезқазған – жай ғана еңбек еткен қала емес. Бұл – тағдырым, еңбегім және қымбат естеліктеріммен байланысты туған өлке. Менің осы қызметтегі жұмысым аяқталғанымен, Жезқазғанға деген жанашырлығым мен қалаға арнаған ізгі тілегім ешқашан таусылмайды", – деді ол.

Қайрат Шайжанов Жаңаарқа ауданының Атасу кентінде дүниеге келген. Оның екі жоғары білімі бар. Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті мен Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін бітірген.

Еңбек жолын құрылыс компанияларындағы басшылық қызметтерден бастаған. Әр жылдары Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары, Жезқазған қаласы әкімінің кеңесшісі болып жұмыс істеп, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы кәсіпорындар мен бөлімшелерді басқарған. 2015-2017 жылдары Қарағанды облысы Осакаров ауданының әкімі қызметін атқарды. 2022 жылғы маусымда Жезқазған қаласының әкімі болып тағайындалған.

Бірнеше күн бұрын, 14 қыркүйекте Шәкір Кейкіннің Атырау қаласының әкімі қызметінен кеткені хабарланған.

Қазақстан
Қарағанды

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

16 қыркүйекте Астана, Алматы және Шымкенттегі ақша айырбастау орындарында валюта бағамы қандай

Қазақстанда вирустық гепатиттерді анықтау тәсілдері өзгереді

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы 2026 жылғы 1 шілдеде күшіне енеді

Қайрат Шайжанов Жезқазған қаласының әкімі болды

Мұрат Бөрібаев Жезқазған қаласының әкімі болып тағайындалды