Алдағы үш жылда Қазақстан экономикасы 5%-дан астам өседі деп болжанып отыр

Фото: Zakon.kz
Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин 2026 жылғы 17 қыркүйекте Құрылтай отырысында жалпы ішкі өнімнің өсімі, инфляция мен мұнай бағасы қамтылған Қазақстан экономикасының 2027-2029 жылдарға арналған даму болжамын таныстырды, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Оның айтуынша, болжам әлемдік экономиканың даму перспективалары мен сыртқы нарықтардағы ахуал ескеріле отырып әзірленген.

"Халықаралық валюта қорының шілдеде жаңартылған болжамына сәйкес, 2027 жылы әлемдік экономиканың өсімі 3,4% болады. Халықаралық ұйымдар мен жаһандық инвестициялық банктер 2027 жылға арналған мұнай бағасы жөніндегі болжамдарын төмендетті. Консенсус-болжам бойынша мұнайдың бір баррелі 70,3 долларға дейін төмендеді. Осыған байланысты базалық сценарийде мұнай бағасы барреліне 70 доллар деңгейінде белгіленді", – деді Азамат Әмрин.

Оның сөзінше, сыртқы сын-қатерлердің сақталуына қарамастан, Қазақстан экономикасының өсімі жалғасады.

"Базалық сценарийге сәйкес, 2027-2029 жылдары жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық нақты өсімі 5%-дан жоғары деңгейде болжанып отыр. Номиналды жалпы ішкі өнім 2027 жылғы 199,3 трлн теңгеден 2029 жылы 245 трлн теңгеге дейін ұлғаяды. Өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны тау-кен өнеркәсібіндегі өсімнен жоғары болады. Өңдеу саласының өсіміне металлургия, машина жасау, құрылыс материалдарын, химия өнеркәсібі өнімдері мен азық-түлік өндірісі негізгі үлес қосады", – деді ол.

Азамат Әмрин ауыл шаруашылығы да экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналатынын атап өтті. Бұл саладағы орташа жылдық өсім кемінде 5% болады.

"Құрылыс саласының өсу қарқыны 2027 жылғы 16%-дан 2029 жылы 17,3%-ға дейін артады деп болжанып отыр. Бұған көлік-логистика, энергетика және су инфрақұрылымын одан әрі дамыту жобаларын жүйелі түрде іске асыру, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту ықпал етеді. Қызмет көрсету саласында да тұрақты өсім сақталады. Сауда жылына орта есеппен 5,7%, көлік және қоймалау – 10,4%, ақпарат және байланыс саласы 9,2% өседі", – деді ол.

Ұлттық экономика бірінші вице-министрі оң сауда балансы сақталатынын да мәлімдеді. Болжам бойынша тауар экспортының көлемі 2027 жылғы 82,8 млрд доллардан 2029 жылы 88,5 млрд долларға дейін, ал импорт 80,5 млрд доллардан 88,4 млрд долларға дейін ұлғаяды.

Сонымен қатар ол инфляцияның болжамды дәлізі 2027 жылы 7,5-9,5%, ал 2028-2029 жылдары 6-8% деңгейінде белгіленгенін атап өтті.

Азамат Әмрин бұдан бөлек, 2027-2029 жылдары республикалық бюджет шығысының көлемі қандай болатынын және бюджет тапшылығының қалай қысқартылатынын айтты.

Қазақстан
Шымкент
Алматы
Астана

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

16 қыркүйекте Астана, Алматы және Шымкенттегі ақша айырбастау орындарында валюта бағамы қандай

Желідегі видео: жолда көліктерімен ойына келгенін істеген топ жас полицияға жеткізілді

"Үздік педагог" атағын беру тәртібі: не өзгерді

Еңбек кодексі: тамыз айында не өзгереді және жұмыс берушілер нені білуі керек

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы 2026 жылғы 1 шілдеде күшіне енеді