Үкімет таратқан мәліметке сәйкес, кеңесте вандализмге және қоғамдық кеңістіктерді бүлдіруге жол бермеу шаралары жеке қаралды.
Ішкі істер министрлігі вандализм фактілерінің жолын кесу бойынша тиісті шаралар қабылдап жатыр. Мәдени мұра ескерткіштері мен табиғи нысандарды қорлау деректері бойынша 11 қылмыстық іс тергелді.
Еріктілермен бірлесіп, есірткі жарнамасы саналатын 80 мың сурет пен жазу, яғни "есірткі граффитиі" өшірілді. Есірткіні насихаттау және жарнамалау фактілері бойынша 81 қылмыстық іс қозғалып, 19 адам сотталды.
"Есірткіге жол жоқ" цифрлық сервисі арқылы азаматтар полицияға 150 заңбұзушылық туралы хабарлаған. Сондай-ақ Жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары арқылы нысандарға мониторинг жүргізіліп жатыр.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов осы саладағы заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізді.
Атап айтқанда, қоғамдық ғимараттар мен құрылыстарға жазу жазуға және сурет салуға тыйым салып, бұл талапты бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгілеу ұсынылды.
Премьер-министр қалалардағы вандализм мен қасақана бұзақылықтың жолын кесу маңызды екенін атап өтіп, тиісті тапсырмалар берді.
"Ішкі істер министрлігі вандализм мен бұзақылыққа жол бермеу үшін қоғамдық орындарға зиян келтіретін граффитидің барлық түріне толық тыйым салуды көздейтін заңнамалық өзгерістер бойынша ұсыныстар әзірлеуі қажет", – деп тапсырды Олжас Бектенов.
Тапсырмалардың орындалуын үйлестіру Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа жүктелді.
Бұған дейін, 2026 жылғы 19 қыркүйекте, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана әкімі Жеңіс Қасымбекке қоғамдық ғимараттардың қабырғасына граффити салатын адамдарға қатысты қатаң шаралар қабылдауды тапсырған еді.
Мемлекет басшысы Қазақстан қалаларында мұндай әрекеттерге жол беруге болмайтынын айтты. Оның пікірінше, әлемнің көптеген қалаларындағы қоғамдық аумақтардың көркін бұзатын мұндай "шығармашылық" – вандализм мен қасақана бұзақылықтың көрінісі. Сондықтан оған толық тыйым салу үшін заңнамалық және нормативтік шаралар қабылдау қажет.