Жылыту маусымы қарсаңында Қазақстанның үш қаласы ерекше бақылауға алынды

Фото: Zakon.kz
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов 2026 жылғы 22 қыркүйекте өткен Үкімет отырысында өңірлердің жылыту маусымына дайындығы туралы айтып, жылу желілерін жөндеу жұмыстары әлі аяқталмаған қалаларды атады, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Министрдің айтуынша, Павлодар облысында жылыту маусымы 14 қыркүйекте басталған. Ал солтүстік және шығыс өңірлерде ауа райына байланысты жылу 1 қазанға дейін беріледі деп жоспарланып отыр.

"Жалпы, жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Энергия көздерінде жылыту маусымын бастауға қажетті отын қоры мен іске қосылатын жабдықтар әзірленді. 17 мың шақырым электр беру желісін жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Тоғыз қосалқы станциядағы жұмыстар аяқталуға жақын. Жылу желілерінің жалпы дайындығы 97%-ды құрайды. Жоспарланған 377 шақырымның 366 шақырымы дайын", – деді Ерлан Ақкенженов.

Ол бірқатар өңір Энергетика министрлігі мен Үкіметтің ерекше бақылауында екенін атап өтті.

"Өткен аптада Сәтбаев қаласында жылу магистралін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Қазір желіні шаю және қысыммен сынау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Петропавлдағы жылу магистральдарының дайындығы 90%-ды құрайды. Барлық жұмыс осы аптаның соңына дейін аяқталады. Семейдегі үш жоба бойынша бір аптада жұмыстың 15%-ы орындалып, жалпы жоспардың орындалу көрсеткіші 70%-ға жетті. Алайда сорғылар мен жылу алмастырғыштар 26 қыркүйекте ғана жеткізіледі", – деді министр.

Ол өңір әкімдігіне жабдықтарды жеткізу жұмыстарын жеделдету қажет екенін айтты.


"Степногорск қаласында өткен аптада жылу магистралін қайта жаңғырту жұмыстарының 24%-ы орындалды. Желінің жалпы дайындығы 76%-ды құрайды. Жұмыстарды биыл 25 қыркүйекте аяқтау жоспарланған. Осыған байланысты өңірлер жөндеу жұмыстарын барынша қысқа мерзімде аяқтауға тиіс. Министрлік күнделікті бақылауды жалғастырып, нысандарға барып тексеру жүргізеді", – деді Ерлан Ақкенженов.

Премьер-министр Олжас Бектенов бірқатар өңірде жөндеу жұмыстары әлі аяқталмағанын атап өтті. Ол әкімдерге жұмыстардың аяқталуын жеке бақылауға алып, Семей, Степногорск және Петропавл қалаларында жылудың уақтылы берілуіне ерекше назар аударуды тапсырды.

Бұған дейін, 2026 жылғы 11 қыркүйекте Астананың қысқа артық жылу қуатымен дайындалып жатқаны хабарланған еді.

Қазақстан
Астана

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Аншлаг, ауқымды шоу және төбелес: Астанада KeshYou концерті өтті

Астана, Алматы және Шымкенттегі ақша айырбастау орындарында валюта бағамы қандай

Ұлттық қордан қосымша алынатын 5 трлн теңге неге жұмсалады

Қазақстанның оңтүстігінде оқушыны аяусыз соққыға жыққан

Димаш Құдайберген егде жастағы жанкүйеріне қол ұшын созды