Депутаттың айтуынша, Қазақстан ауылдарында 7 миллионнан астам адам тұрады. Бұл – ел халқының үштен бірі.
"Бүгінде ауыл тұрғындары үшін жоғары жылдамдықты интернет жұмыс істеуге, білім алуға, мемлекеттік және банк қызметтерін пайдалануға, кәсіп жүргізуге, сондай-ақ заманауи цифрлық экономикаға толыққанды қатысуға қажет. "Қолжетімді интернет" ұлттық жобасы аясында жалпы саны 1 153 330 адам тұратын 2 955 ауылдық елді мекенді талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосу жоспарланған. Алайда жобаның іске асырылу қарқыны сұрақ туғызады. Бүгінге дейін 284 225 адам тұратын 306 ауыл ғана осы желіге қосылған", – деді Владимир Киян.
Оның мәліметінше, әсіресе 2024–2025 жылдарға жоспарланған жұмыстар айтарлықтай кешіккен.
"Белгіленген мерзімде 692 867 адам тұратын 1 502 ауылдық елді мекен талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосылмаған. Демек, ауылдағы 700 мыңға жуық адам жоспарланған жоғары жылдамдықты интернетке уақытында қол жеткізе алмады", – деді депутат.
Владимир Киян үкіметтен жұмыстың кешігу себептері, қазіргі барысы және аяқталу мерзімі туралы толық мәлімет беруді сұрады. Сондай-ақ жоғары жылдамдықты интернетке қосылмаған елді мекендерді желімен жедел қамтамасыз ету үшін спутниктік технологияларды қолдану мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Бұған дейін, 2026 жылғы 23 шілдеде, үкімет резервінен KazSat-3R ғарыштық байланыс жүйесін құру жобасына 10,4 млрд теңге бөлінгені хабарланған еді. Жоба ұлттық спутниктік байланыс пен телекоммуникация саласын дамытуға бағытталған.