Мемлекет басшысының сөзінше, тарихты дұрыс тани білу маңызды. Алайда өткенге өкпе артып, айналадан кінә іздеу болашаққа сеніммен қарауға кедергі келтіреді.
"Өткенге өкпе арту – болашаққа балта шабумен тең әрекет. Айналасына кінә тағып, үнемі жұбаныш іздеп жүретін адамның да, ұлттың да келешегі бұлыңғыр болады. Мұндай кертартпа әдеттерден аулақ болу керек", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев күнделікті өмірде еңсені тік ұстап, өскелең ұрпақты жасық, кінәмшіл және уайымшыл мінезден сақтау қажет екенін айтты. Оның пікірінше, жастар өз халқының тарихын мақтан тұтып, ел болашағына сеніммен қарауы керек.
Президент Мұхтар Әуезовтің "Ел боламын десең, бесігіңді түзе" деген сөзін еске салып, ұрпақ тәрбиесін ел болашағының кепілі деп атады. Осы мақсатта жүзеге асырылып жатқан "Адал Азамат" біртұтас тәрбие бағдарламасын сапалы орындауға шақырды.
Мемлекет басшысы қазақ халқының қиын кезеңдерде де рухын жоғалтпағанын атап өтті. Оның айтуынша, ата дәстүрді, дінді, ана тілді және ұлттық болмысты сақтай отырып, жаңашылдық пен жасампаздыққа ұмтылу қажет.
"Тұтас елімізге көлеңкесін түсіретін жат ағымдарға, қараңғылықтан басқа берері жоқ ескілік ұстанымдарына қатаң тосқауыл қоюымыз керек. Ұлт болып ұйысып, қоғамда жаңа этика қалыптастыруымыз қажет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент бұл іске Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері де елеулі үлес қосады деген сенім білдірді.