Журналистер балалардың әлеуметтік желілерде өз бейнежазбаларын жариялап, көрермен жинайтынын айтып, шектеу енгізілсе, талантты балаларға өзін таныту қиындамай ма деп сұрады.
"Егер бала талантты болса, оны бәрібір таниды. Қазір талантты балаларды анықтайтын түрлі алаңдар, байқаулар мен фестивальдер бар. Оның үстіне, ата-аналар өз балалары туралы әлеуметтік желідегі жеке парақшаларында айта алады", – деді вице-министр.
Евгений Кочетовтің айтуынша, ұсынылып отырған шектеудің мақсаты – балаларды әлеуметтік желілердегі психологиялық қысымнан, кибербуллингтен және өзге де қауіптерден қорғау.
"Біз балалардың талантын шектеуді немесе олардың дауысы естілмей қалуын көздеп отырған жоқпыз. Сондықтан бұл түзетудің салдарынан Қазақстандағы талантты балалар азаймайтынына сенімдіміз", – деді ол.
Бұған дейін вице-министр 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге кіруін шектеу тәртібі қалай іске асырылуы мүмкін екенін түсіндірген еді.