Қазақстанда онлайн-платформалардың жауапкершілігін күшейтуге арналған жаңа шаралар ұсынылды
Фото: pexels
Ұсынылған шектеу балалардың ата-аналарымен, жақындарымен және мұғалімдерімен хабарласуына арналған мессенджерлерге қолданылмайды.
Онлайн-платформаларға қандай талаптар қойылмақ?
Заң жобаларында онлайн-платформаларды Қазақстанда өкілдік ашуға міндеттеу ұсынылған. Сондай-ақ құқыққа қайшы контентті жою туралы нұсқаманы орындамаған платформаларды жауапқа тарту көзделген.
2026 жылдың алғашқы он айында құқыққа қайшы 128,5 мың материал анықталған. Оның 70 пайызға жуығы жойылған.
Түзетулерде жазылушы саны бес мыңнан асатын пайдаланушылар мен жария қоғамдастықтарды сәйкестендіру тетіктері де қарастырылған.
Азаматтардың құқықтары қалай қорғалмақ?
Заң жобаларында азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетін, сондай-ақ өз бейнесіне құқығын қорғауға қосымша кепілдіктер беру көзделген. Онлайн-платформаларда жала жапқаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу ұсынылады. Масс-медиада және онлайн-платформаларда былапыт сөз қолданғандарды да әкімшілік жауапқа тарту көзделген.
Бұған қоса, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мемлекеттік органдардың ресми жауаптарын арнайы белгімен көрсету ұсынылған. Түзетулерде оқыту курстары мен оккульттік қызметтер туралы ақпараттың ашықтығын арттыру да қарастырылған.
Онлайн-кинотеатрлардың қызметі қалай реттелмек?
Онлайн-кинотеатрлардың Қазақстандағы заңды өкілдерін айқындау ұсынылды. Сондай-ақ телеарналар мен радиоарналарды аудиовизуалды платформалар арқылы таратуға лицензия беру тәртібін енгізу көзделген. Бұл медианарықтың барлық қатысушысына ортақ әрі түсінікті ережелер белгілеуге мүмкіндік бермек.