"Әр сарбаз өзін қауіпсіз сезінуі керек": жаңа қорғаныс министрі армияның басым міндеттерін атады

Сурет: ҚР Қорғаныс министрлігі
2026 жылғы 28 қыркүйекте Қазақстанның қорғаныс министрі Айдос Мырзахметов министрліктің басшылық құрамымен алғашқы жұмыс кеңесін өткізіп, Қарулы күштерді одан әрі дамыту мен реформалаудың негізгі міндеттерін белгіледі, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, басты назар әскердің нақты жауынгерлік әзірлігін арттыруға, басқару жүйесін жетілдіруге, жауынгерлік даярлық сапасын жақсартуға, сондай-ақ қару-жарақ пен әскери техниканы дамытуға аударылады.

Әскери қызметшілердің моральдық және жауынгерлік рухын нығайту өзгерістердің маңызды бағыттарының бірі ретінде айқындалып отыр.

"Командирлерге әскери ұжымдарда салауатты моральдық-психологиялық ахуал қалыптастыру, тәрбие жұмысының сапасын арттыру, сондай-ақ жеке құрамның қызмет ету жағдайларын жақсарту жөнінде міндеттер жүктелді. Әскери қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жарғыға жат қарым-қатынастардың алдын алуға және оларға қатаң түрде жол бермеуге ерекше назар аударылуы тиіс." ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Министр әскери қызметшілерді даярлау тәсілдерін қайта қараудың қажеттігін атап өтті. Оқыту қазіргі заманғы ұрыс қимылдарын жүргізу жағдайына барынша сәйкес келіп, практикалық тәжірибеге, заманауи қақтығыстарды талдауға негізделуі керек. Сонымен қатар ұшқышсыз жүйелерді, радиоэлектрондық күрес құралдарын, барлау, байланыс және басқа да жаңа технологияларды қолданудың заманауи тәсілдері ескерілуі қажет.

Әскери бөлімшелерді өздеріне жүктелген міндеттерді орындауға дайындауға ерекше назар аударылды. Командирлерге жеке құрамның жоғары деңгейдегі даярлығын, бөлімшелердің үйлесімді іс-қимылын және әртүрлі жағдайларда әрекет етуге тұрақты әзірлігін қамтамасыз ету тапсырылды.

Әскерлерді басқару жүйесін жетілдіру де реформаның жеке бағытына айналмақ. Бұл ретте үдерістерді одан әрі цифрландыру, басы артық әкімшілік рәсімдерді, есептілік пен практикалық маңызы жоқ кеңестерді қысқарту көзделіп отыр. Босатылған ресурстар әскерлердің жауынгерлік қабілетін арттыруға тікелей бағытталуы тиіс.

"Армияны материалдық-техникалық қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру жұмыстары жалғаса береді. Бұл ретте сатып алу және ресурстарды бөлу әскерлердің нақты қажеттіліктері мен жауынгерлік даярлықтың басым бағыттарын ескере отырып, жүзеге асырылуы тиіс." Айдос Мырзахметов

Министр бюджет қаражатын ұтымды әрі тиімді пайдалануды қамтамасыз етуді, тиімсіз шығындарға жол бермеуді және қабылданатын шешімдердің ашықтығын арттыруды тапсырды.

"Армия есептік көрсеткіштер мен көзбояушылық іс-шаралар үшін емес, нақты нәтижеге қол жеткізу үшін дамуы керек. Әрбір үдеріс, әрбір шешім және бөлінген әрбір ресурс практикалық нәтижеге ие болып, Қарулы күштердің жауынгерлік қабілетін арттыруға бағытталуы тиіс. Әрбір сарбаз өзін қауіпсіз сезінуі керек", – деп атап өтті Қорғаныс министрі.

Кеңес барысында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүргізіліп жатқан Қорғаныс министрлігінің қызметіне кешенді тексеру барысы да қаралды. Құрылымдық бөлімшелердің басшыларына комиссия жұмысына қажетті қолдау көрсетіп, талап етілген барлық ақпаратты ұсыну тапсырылды.

Айдос Мырзахметов 2026 жылғы 27 қыркүйекте ҚР қорғаныс министрі болып тағайындалды. Қорғаныс ведомствосының басшылығындағы кадрлық өзгерістер Маңғыстау облысында, Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметші қаза тапқаннан кейін болды. Бұған дейін министрлікті басқарған Дәурен Қосанов қызметінен босатылды.

Қазақстан
Астана

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

"Үсік жүреді". Еліміз бойынша 28 қыркүйекке арналған ауа райы болжамы

Тоқаев шахмат олимпиадасында күміс алған Қазақстан құрамасын құттықтады

Qazaqstan Media Awards аясында "Тұмар" және "Үркер" ұлттық байқауларына өтінім қабылдау басталды

Қазақстанда педагогтерді аттестаттау ережелері жаңартылды

Енді жанармай сапасын бақылау үшін жанармай құю бекеттері күтпеген жерден тексерілуі мүмкін