Қағидалар аса маңызды цифрлық объектілерден дербес деректерді цифрлық тасымалдағыштарға көшіру (жүктеп алу) тәртібін айқындайды.
Аса маңызды цифрлық объектілер деп жұмысының бұзылуы немесе тоқтауы мынадай салдарға әкелетін цифрлық объектілер түсініледі:
- қолжетімділігі шектеулі дербес деректерді және заңмен қорғалатын құпияны қамтитын өзге де мәліметтерді заңсыз жинау мен өңдеуге;
- әлеуметтік және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың туындауына;
- қорғанысқа, қауіпсіздікке, халықаралық қатынастарға, экономикаға, шаруашылықтың жекелеген салаларына немесе тиісті аумақта тұратын халықтың тіршілік әрекетіне елеулі теріс әсер етуге.
Олардың қатарына жылумен, электрмен, газбен және сумен жабдықтау, өнеркәсіп, денсаулық сақтау, байланыс, банк саласы, көлік, гидротехникалық құрылыстар, құқық қорғау қызметі және "цифрлық үкімет" инфрақұрылымының объектілері де жатады.
Деректерді көшіруге қандай жағдайда рұқсат беріледі
Аса маңызды цифрлық объектілерден дербес деректерді цифрлық тасымалдағыштарға көшіруге тыйым салынады.
Бұған тек мынадай жағдайларда жол беріледі:
- дербес деректерді қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша;
- барлау, қарсы барлау және жедел-іздестіру қызметі аясында;
- заңдарда белгіленген шектерде күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі күзет іс-шараларын жүргізу кезінде.
Дербес деректерді көшіруге рұқсатты қалай алуға болады
Келісу туралы сұрау салу мемлекеттік органның бірінші басшысы не аса маңызды объектінің меншік иесі немесе басшысы қол қойған ресми хатпен жолданады.
Сұрау салуда міндетті түрде мынадай мәліметтер көрсетілуі тиіс:
- деректерді көшірудің құқықтық негізі;
- деректерді пайдаланудың нақты мақсаты;
- жүйелерді біріктіру мүмкін еместігінің негіздемесі;
- дербес деректер санаттарының тізбесі, көлемі және қамтитын кезеңі;
- деректерді пайдалану және сақтау мерзімі;
- деректерді қорғауға арналған техникалық және ұйымдастырушылық шаралар;
- деректерді беруші және қабылдаушы тараптардың тұлғалары туралы мәліметтер.
Уәкілетті орган сұрау салуды 15 жұмыс күні ішінде қарайды. Рұқсат беруден бас тартылған жағдайда, қайта өтініш беруге болады.
Деректерді көшіруге қойылатын талаптар
Тек міндеттерді орындауға қажетті әрі жеткілікті дербес деректерді ғана жүктеп алуға рұқсат етіледі. Бұл деректер иесіздендірілуі, бүркемеленуі немесе хэштелуі тиіс.
Деректерді беру және сақтау кезінде міндетті түрде криптографиялық қорғау құралдары қолданылуы қажет. Көшірілген дербес деректерді Қазақстан аумағынан тыс жерде орналасқан деректер базасына орналастыруға тыйым салынады.
Көшірілген дербес деректерді сақтау мерзімі күнтізбелік 30 күннен аспауға тиіс. Осы мерзім аяқталғаннан кейін деректер жойылып, тиісті акт жасалады.
Сондай-ақ көшірілген дербес деректерді үшінші тұлғаларға беруге рұқсат етілмейді.
Деректерді берудің әрбір фактісі қабылдау-беру актісімен рәсімделеді. Онда берілетін деректердің құрамы, беру мақсаты мен күні, қатысушылар және бақылау сомасы (хэш) көрсетіледі. Бұдан бөлек, операцияларды орындайтын тұлғаларды сәйкестендіру және аутентификациялау, сондай-ақ барлық әрекетті журналға тіркеу міндетті.
Пайдаланылғаннан кейін цифрлық тасымалдағыш ондағы деректерді қалпына келтіру мүмкін болмайтындай тәсілмен тазартылады. Тазарту нәтижесін киберқауіпсіздікке жауапты тұлға тексеріп, акт жасайды. Егер деректердің толық жойылғанын растау мүмкін болмаса, тасымалдағыш физикалық жолмен — механикалық немесе термиялық тәсілмен жойылады.
Бұйрық 31 қазаннан бастап қолданысқа енгізіледі.