Бұл туралы 2026 жылғы 27 қазанда ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Ведомствоның мәліметінше, 2026 жылғы ИКАО авиациялық қауіпсіздік апталығы аясында Астанада Қазақстанның Авиациялық әкімшілігі (ҚАӘ) басшылығы мен АҚШ Көлік қауіпсіздігі әкімшілігінің (TSA) авиация және халықаралық саясат жөніндегі атқарушы директоры Эрик Ятар бастаған өкілдері кездесті.
"Кездесудегі негізгі тақырыптардың бірі — қазақстандық әуе тасымалдаушының АҚШ-қа рейстерін бастау үшін қажетті авиациялық қауіпсіздік талаптарын орындау болды. Қатысушылар Air Astana әуе компаниясының авиациялық қауіпсіздік бағдарламасын дайындау және тиісті рәсімдер бойынша TSA-мен одан әрі өзара іс-қимыл жасау мәселелерін талқылады", — деп хабарлады ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметі.
Министрліктің мәліметінше, АҚШ өкілдері жұмыстың негізгі кезеңдерін түсіндірді. Олар мыналарды қамтиды:
- әуе тасымалдаушының қауіпсіздік бағдарламасын қарау;
- жолаушылар туралы деректерді беру жүйелерінің TSA Secure Flight бағдарламасымен үйлесімділігін тексеру;
- рейстер басталғанға дейін әуежайдың авиациялық қауіпсіздігіне бағалау жүргізу.
Сондай-ақ бұл іс-шараларды АҚШ Көлік министрлігі мен АҚШ Федералдық авиация әкімшілігінің (FAA) рәсімдерімен үйлестіру қажеттігі атап өтілді.
"Бұған дейін жүргізілген әуежайды алдын ала тексеру нәтижелеріне және TSA ұсынымдары бойынша кейінгі жұмыстарға ерекше назар аударылды. Тараптар бағалауға дайындық барысында ақпаратты уақтылы алмасу мен тиісті мамандардың өзара іс-қимылы маңызды екенін атап өтті", — делінген министрлік хабарламасында.
Қазақстан тарапы АҚШ-тың ұлттық авиациялық қауіпсіздік жүйесін ұйымдастыру тәсілдерін зерделеуге қызығушылық білдірді. Атап айтқанда, ұлттық талаптар мен қадағалау рәсімдерін жетілдіру үшін АҚШ заңнамасымен, нормативтік құжаттарымен және TSA тәжірибесімен танысу мүмкіндіктері талқыланды.
"TSA өкілдері АҚШ-тың авиациялық қауіпсіздік саласындағы нормативтік-құқықтық базасына жүйеленген шолу ұсыну мүмкіндігі бар екенін хабарлады. Нақты мәселелерді ведомствоның өңірлік өкілдерімен және тиісті бөлімшелерімен қосымша пысықтауға болады", — деп мәлімдеді ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметі.
Бұдан бөлек, тараптар әуе жүк тасымалы мен жеткізу тізбектерінің қауіпсіздігі саласындағы жалғасып жатқан ынтымақтастықты қарастырды. Азаматтық авиацияны қорғау шараларының тиімділігін арттыру үшін тәжірибе алмасу мен сарапшылардың өзара іс-қимылы маңызды екені айтылды.
ҚР Көлік министрлігінде Қазақстан мен АҚШ арасындағы одан арғы ынтымақтастық авиациялық қауіпсіздікке қатысты қажетті рәсімдерді кезең-кезеңімен орындауға, озық тәжірибемен алмасуға және екі ел арасында тікелей әуе қатынасын ашуға жағдай жасауға бағытталатынын атап өтті.
Еске салайық, 2026 жылғы 20 қазанда Көлік вице-министрі Талғат Ластаев Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе рейстері қашан іске қосылуы мүмкін екенін айтқан болатын. Оның пікірінше, Қазақстан жыл соңына дейін АҚШ аумағына рейстер орындауға ресми түрде рұқсат алуы мүмкін.