Мемлекет басшысы биылғы Жолдаудың маңызы ерекше екенін атап өтті.
"Бүгін мен Мемлекет басшысы ретінде Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауымды жариялаймын. Бұл Жолдаудың мәні де, мазмұны да айрықша", – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қазанда ел азаматтары Республика күнін атап өткенін еске салды. Президент Егемендік туралы декларацияның қабылдануы дербес ел болу жолындағы батыл қадам болғанын айтып, биыл Тәуелсіздікке 35 жыл толатынына назар аударды.
"Міне, биыл қасиетті Тәуелсіздігімізге 35 жыл толып жатыр. Бұл тарихи меженің ұлт шежіресінде алатын орны бөлек", – деді мемлекет басшысы.
Президент биыл наурызда қабылданған Конституцияның бүкіл ел үшін тарихи маңызы бар екенін жеткізді.
"Конституцияны бірнеше ұрпақтар арасындағы қастерлі келісім деп атауға болады. Өйткені Конституцияда Қазақстанның қазіргі бітім-болмысы мен болашақтағы бейнесі нақты айқындалды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, азаматтар қолдаған Конституция 1 шілдеде заңды күшіне еніп, саяси жүйенің түбегейлі жаңғыруына және жаңа билік институттарының құрылуына серпін берді. Халық жарқын болашаққа бастайтын ауқымды жұмысты атқаруға белсенді кірісті.
"Ел өміріндегі тарихи өзгерістердің барлығы халықтың көз алдында болып жатыр. Бұл мәселе аса маңызды болса да, көп сөз айтудың қажеті жоқ деп ойлаймын", – деді президент.
Мемлекет басшысы елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту жөніндегі ойларымен бөлісіп, алдағы мақсат-міндеттерді айқындайтынын айтты.
"Ашығын айтсақ, бүгінде тәуелсіздігіміз бен егемендігімізді қорғауға қатысты барлық мәселе әлі толықтай шешімін тапқан жоқ. Бұл – алдымызда көптеген өзекті міндет тұр деген сөз", – деді президент.
Оның айтуынша, алға қойылған міндеттерді ойдағыдай орындау үшін қоғамдағы татулық аса маңызды.
"Жұмысты ойдағыдай орындау үшін, ең алдымен, бүкіл қоғамымыз тату болуы керек. Бірлік пен келісім болмаса, ешқандай реформа және ілгерілеу болмайтыны айдан анық", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы жаһандық сын-қатерлер қауіпті сипат алған тұста қоғамда талап пен тәртіпке басымдық беру қажет екенін атап өтті.
Президент әлем елдері арасында жалған айыптаулар мен астыртын текетірестер күшейіп, ықпалды мемлекеттердің өзара сенім дағдарысына тап болғанын айтты. Сондай-ақ бақылаусыз, жүйесіз көші-қон ағындарының көбеюі бірнеше еуропалық елдің қауіпсіздігіне зиян келтіргеніне тоқталды.
"Біріккен Ұлттар Ұйымының абырой-беделі үлкен тоқырауға ұшырады. Халықаралық құқықтың құндылығы төмендеп кетті. Қысқасы, қазіргі әлем бұлыңғыр дәуірге аяқ басты, оның келешегі қандай болатыны туралы саясаткерлер мен сарапшылар арасында біртұтас пікір жоқ", – деді мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі халықаралық ахуалдың күрделі әрі болжамсыз екенін жеткізді.
"Күллі әлем жұртшылығы аласапыран кезеңде өмір сүріп жатыр десек, артық болмас. Мұндай күрделі, болжамсыз ахуал "қырғи-қабақ соғыс" кезінде де болмаған еді", – деді президент.