Бұл туралы 2026 жылғы 28 қазанда қорықтың Instagram парақшасында белгілі болды.
"Марал – салмағы 300 келіге дейін жететін ірі сүтқоректі жануар. Қорық аумағында ол теңіз деңгейінен 1200–3500 метр биіктікте кездеседі. Аралас және қылқан жапырақты ормандарды, сондай-ақ субальпілік және альпілік белдеулерді мекендейді", – делінген қорықтың хабарламасында.
Мамандардың айтуынша, марал аталықтарының басты ерекшелігі – үлкен тармақталған мүйіздері. Олар жыл сайын наурыз-сәуір айларында ескі мүйіздерін тастап, орнына жаңасын өсіреді. Ал аналықтарының мүйізі болмайды.
"Биік таулар мен қалың ормандарды мекендейтін марал Қазақстанның жабайы табиғатындағы ең көрікті жануарлардың бірі саналады", – деп атап өтті қорық мамандары.
Бұған дейін Көлсайда камераға түсіп қалған жабайы табиғаттың ең жүйрік жануарларының бірі туралы жазған едік. Әңгіме ақкіс жайында.