Министрдің мәліметінше, Мемлекет басшысының тапсырмасымен ауыл шаруашылығына дәлме-дәл егіншілік технологиялары мен "ақылды фермалар" енгізіліп, деректер қорын қалыптастыруға арналған бірыңғай цифрлық платформа құрылады.
"Бұл салалық ақпараттық жүйелердегі деректерді біріктіруге, агроөнеркәсіптік кешеннің даму сценарийлерін болжауға және модельдеуге мүмкіндік береді. Мемлекет басшысының отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу нарықтарын кеңейту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Сауда және интеграция министрлігі агрологистикалық орталықтар желісін қалыптастыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Шағын өндірушілерді саудаға тарту үшін олардың өнімдерін маркетплейстер арқылы өткізу жобасы жүзеге асырылуда", – деді Айдарбек Сапаров.
Министр бұл жұмысқа отандық компаниялар, соның ішінде "Қазақтелеком" АҚ да тартылып отырғанын атап өтті.
Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Қазақстанда ет пен сүт өндірісін арттыруға бағытталған жаңа жобалар туралы айтқан болатын.