Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен министрлік халық саны, демографиялық ахуал және медициналық ұйымдардың жұмыс тиімділігін ескере отырып, өңірлердің жаңа медициналық мекемелерге қажеттілігін талдауға кіріскен. Талдау қорытындысы бойынша Қазақстанда 70-ке жуық жаңа денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланып отыр.
"Ана мен бала денсаулығын қорғау және босандыру қызметінің сапасын арттыру мақсатында Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Қаскелең, Қызылорда және Орал қалаларында жалпы 1 700 төсек-орынға арналған сегіз заманауи перинаталдық орталық салынады. Балаларға медициналық көмек көрсету аясын кеңейту және мамандандырылған жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін Атырау, Ақтөбе, Алматы, Шымкент, Қаскелең, Семей және Ақтау қалаларында жалпы қуаты 1 550 төсек-орын болатын жеті көпбейінді балалар ауруханасы бой көтереді. Сондай-ақ Астанада 200 төсек-орынға арналған балаларға шұғыл көмек көрсету орталығы және 350 төсек-орындық балалар хирургиясы орталығы салынады. Бұдан бөлек, Алматы, Ақтау, Атырау, Қызылорда және Семей қалаларында жалпы қуаты 750 төсек-орын болатын Балаларды оңалту ұлттық орталығының бес үлгілік өңіраралық филиалы ашылады", – деді Ақмарал Әлназарова.
Ол Қазақстанда тағы сегіз ірі медициналық нысан салу жоспарланғанын хабарлады. Олардың қатарында Өскеменде, Абай және Түркістан облыстарында 300 төсек-орындық көпбейінді ауруханалар, сондай-ақ Жамбыл облысында 325 төсек-орынға арналған инфекциялық аурухана бар. Сонымен қатар емханалар мен мамандандырылған медициналық корпустар салу көзделген.
"Бұдан бөлек, 25 амбулаториялық-емханалық нысан, аудандық ауруханалар, жедел медициналық жәрдем нысандары, қан орталықтары және басқа да мамандандырылған мекемелер салынады. Нәтижесінде жалпы ауданы шамамен 1,8 млн шаршы метр болатын медициналық инфрақұрылым құру және жаңарту, стационарлардың төсек-орын қорын 9,2 мың төсек-орынға ұлғайту және жаңғырту, сондай-ақ амбулаториялық көмектің қуатын бір ауысымда 5,3 мыңнан астам келушіге арттыру жоспарланып отыр", – деп жалғастырды министр.
Бір күн бұрын, 28 қазанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жыл сайынғы Жолдауында ел дамуының басымдықтарын ұзақ мерзімді тұрғыдан айқындайтын ұлттық жоспарлар мен стратегияларды қайта қарау қажеттігін мәлімдеген болатын.