Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, патрульдік экипаждар саны бестен жетіге дейін көбейтіліп, патрульдеу бағыттары қайта қаралды. Сондай-ақ адам көп жиналатын орындарға бақылау күшейтілді.
"Негізгі назар сағат 22:00-ден 06:00-ге дейінгі уақытқа аударылды. Бұл кезеңде қоғамдық орындардағы жанжалдарға жедел әрекет ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу қажеттілігі артады. Жедел жағдайды талдау нәтижесінде ерекше назар аударуды қажет ететін аумақтар анықталды. Талғардың орталық бөлігі, тұрғын алаптар, аулалар, автотұрақтар мен қаланың шеткі аумақтарында патрульдеу күшейтілді. Басым бағыттағы учаскелер қатарында Қонаев, Лермонтов және Бокин көшелері, сондай-ақ "Альпина", "Талғар Плаза" және "Майданбек" сауда үйлерінің маңы бар", – деп хабарлады полиция.
Демалыс және мереке күндері қосымша күштер тартылады.
Кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын құқық бұзушылықтардың алдын алуға және олардың түнгі уақытта көшеде жүруін бақылауға да ерекше назар аударылып отыр.
"Есепті кезеңде полицейлер кәмелетке толмағандарды белгіленген талаптарды бұза отырып, ойын-сауық орындарына кіргізудің 53 дерегін анықтады. Тағы 1 302 жағдайда жасөспірімдердің түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын үйден тыс жерде болғаны тіркелді. Жалпы, полицияға 1 608 кәмелетке толмаған жеткізілді", – деп хабарлады ПД.
Полицияның бақылауында түнгі клубтар, караоке-барлар, барлар, мейрамханалар және кешкі әрі түнгі уақытта жанжал туындауы мүмкін басқа да орындар бар. Патрульдік жасақтар, әсіресе мұндай мекемелердің жұмысы аяқталатын уақытта, олардың маңына жақын орналастырылды.
"Күшейтілген патрульдеу қоғамдық орындармен қатар аудан жолдарын да қамтиды. Түнгі уақытта мас күйде көлік жүргізетіндерді анықтауға және жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзудың жолын кесуге ерекше көңіл бөлінеді. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы бойынша мас күйде көлік басқаруға қатысты 108 құқық бұзушылық анықталды", – деп толықтырды полиция өкілдері.
Жұмыс барысында Жедел басқару орталығының мүмкіндіктері де пайдаланылады. Полиция қызметкерлері қолжетімді бейнебақылау камералары арқылы жедел жағдайды қадағалайды. Оқиға туралы хабар түскен кезде оған жақын орналасқан экипаждар жіберіледі. Алынған ақпарат патрульдеу бағыттарын түзетуге және қажет учаскелерде полицияның қатысуын күшейтуге мүмкіндік береді.
ПД мәліметінше, аталған шаралардың нәтижесінде қылмыстың негізгі көрсеткіштері төмендеген. 2026 жылдың тоғыз айында:
- қылмыстық құқық бұзушылықтардың жалпы саны 26,1%-ға, 1 351-ден 998-ге дейін азайды;
- тонау деректері 16-дан 7-ге дейін қысқарды;
- бұзақылық деректері 48,6%-ға азайды;
- қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар саны 21,6%-ға төмендеді;
- көшелерде жасалған қылмыстар саны 22,5%-ға қысқарды;
- интернет-алаяқтық деректері 43,7%-ға азайды.
Полиция қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті. Негізгі басымдықтар қатарында көшедегі қылмыстың алдын алу, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы, мас күйде көлік жүргізудің жолын кесу және түнгі патрульдеудің тиімділігін арттыру бар.