Алматы қалалық Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Ержан Диханбаевтың айтуынша, автобус рейстерінің саны шынымен де өзгертілген. Алайда бұл жолаушылар ағыны айтарлықтай азаятын күндізгі уақытқа ғана қатысты.
"Қарбалас уақытта автобустар саны қысқартылған жоқ. Керісінше, жүктемесі жоғары бағыттарға қосымша резервтік автобустар жіберіп жатырмыз. Қазір күн сайын желіге 3200-ден астам автобус шығады. Автобустардың кешігуінің басты себептерінің бірі – кептеліс. Көлік кептелісіне байланысты автобустар кестеден қалып, жолаушылар аялдамада ұзақ күтуге мәжбүр болады. Соның салдарынан бірнеше автобус бір уақытта келуі мүмкін", – деп түсіндірді ол.
Ол тағы бір маңызды мәселеге – жолақы төлеміне назар аударды.
"Қарбалас уақытта жолаушылардың 40%-дан астамы жолақысын төлемейді. Соның салдарынан төлем туралы деректер жолаушылардың нақты ағынын көрсетпейді. Демек, қай бағыттарға қосымша автобус қажет екенін анықтау қиындайды. Сондықтан тұрғындардан әр сапар үшін жолақысын төлеуді сұраймын. Бұл жолаушылар ағынын дәлірек есептеуге және рейстерді дұрыс жоспарлауға көмектеседі. Біз бұл мәселені түсінеміз, сондықтан қозғалыс кестесін қайта қарап, бағыттардың жүктемесін талдап жатырмыз. Қажет болған жағдайда қарбалас уақытта қосымша автобустар шығарамыз", – деді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, алдағы уақытта қозғалыс кестесін түзету, қоғамдық көлік жұмысын жақсарту және тұрғындардың өтініштерін ескеру жұмыстары жалғасады.
"Осыған байланысты бақылау-тексеру қызметінің жұмысын күшейтіп жатырмыз. Жолақы төлемін тексеру жиілейді. Жолақысын төлемеген жолаушыларға Полиция департаментімен бірлесіп, заңда көзделген айыппұлдар салынады", – деп түйіндеді Ержан Диханбаев.
Еске салайық, 28 қазанда Алматыда автобус бағыттарының қозғалыс кестесі өзгеретіні белгілі болды. Жолаушылар аз болатын күндізгі уақытта автобустар саны қысқартылып, таңертең және кешкі уақытта олардың қозғалысы жиілетілетіні хабарланған еді.