Аталған өтінішті Ақжайық аудандық соты қарады. Әйел төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдануды сұраған.
Облыстық соттың 2026 жылғы 2 қарашада хабарлауынша, іс материалдарына сәйкес, өтініш берушінің кредиторлар алдындағы жалпы берешегі 14 миллион теңгеден асқан.
Сот отырысында анықталғандай, әйел 2019 жылдан бастап жұбайының емделуіне ақша төлеу үшін несие рәсімдеген. Кейін оның емін жалғастыру мақсатында да қарыз алуға мәжбүр болған. Бұрын алған несиелерін уақытында өтеуге мүмкіндігі болмағандықтан, әйел ай сайынғы төлемдерді жабу үшін жаңадан несие рәсімдеген. Соның салдарынан оның қарыз жүктемесі айтарлықтай артқан. Ай сайынғы төлем мөлшері өтініш берушінің табысынан асып, берешегі көбейген. Нәтижесінде ол өз мойнына алған қаржылық міндеттемелерін өз бетінше орындау мүмкіндігінен айырылған.
Іс материалдарын зерделеген сот өтінішті қанағаттандыруға негіз бар деген қорытындыға келген. Сот шешімімен әйелге қатысты төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі қолданылды.
Соттың түсіндіруінше, бұл рәсім азаматтың қарыз міндеттемелерін реттеуге және заңда көзделген тәртіппен қаржылық тұрақтылығын қалпына келтіруге бағытталған. Заңда белгіленген негіздер болған жағдайда, ол банкроттық рәсімін қолданбай-ақ кредиторлар алдындағы міндеттемелерді орындау тәртібін айқындауға мүмкіндік береді.
Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.