Батыс Қазақстан облысы Орал қаласы прокуратурасының талдауы нәтижесінде жергілікті атқарушы органның бәсекелестікті қорғау заңнамасын бұзғаны белгілі болды.
Атап айтқанда, Орал қаласы әкімдігінің Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жобалау ұйымдарымен жобалау-сметалық құжаттаманы тегін әзірлеу туралы меморандумдар жасаған. Кейін бұл жобаларды бюджет қаражаты есебінен іске асыру көзделген. Прокуратура мұны бәсекелестікке қарсы әрекет деп таныды.
Заң бұзушылыққа жол берген Орал қаласы әкімінің орынбасарына ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 163-бабы 1-бөлігі бойынша 648 мың теңге айыппұл салынды. Айыппұл толық өндірілді.
Прокуратура бәсекелестікті қорғау туралы заңнаманы бұзу заңда көзделген жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті.