Өзбекстандағы Қазақстан елшілігі ауруханаға түскен жас футболшыларға қатысты мәлімдеме жасады

Сурет: Telegram/KZ_Embassy
Өзбекстандағы Қазақстан елшілігі Ташкент қаласында ауруханаға түскен жас футболшылардың жағдайына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мәлімдемеге сәйкес, Қарағандыдан келген халықаралық Dostlik Cup 2026 футбол фестиваліне қатысушылардың арасында балалар мен ересектердің уланғаны туралы ақпарат Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігіне 2026 жылғы 1 қарашада түскен.

"Елшіліктің жедел желісіне қоңырау түскен сәттен бастап консул Сәкен Пердебеков дереу ауруханаға барып, зардап шеккендердің жанында жүр. Оларға қажетті консулдық көмек көрсетіп жатыр. Жалпы медициналық көмекке 19 адам жүгінген. Қазіргі уақытта Ташкент қаласындағы №5 қалалық клиникалық инфекциялық ауруханаға 17 адам жатқызылды. Олардың 11-і – бала, алтауы – ересек адам. Барлық зардап шеккендердің жағдайы тұрақты, оларға қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр", – деп мәлімдеді Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігі 2 қарашада.

Сондай-ақ Қазақстан елшісі ауруханаға барып, емдеу барысымен танысқан және зардап шеккен балалардың ата-аналарымен кездескен. Медициналық көмек көрсету мәселесі оның жеке бақылауында.

"Жағдай ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен Өзбекстан Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Отабек Имамовтың да жеке бақылауында. Қажетті көмек көрсетуге Ташкент медицина университетінің профессорлары, Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары және басқа да бейінді сарапшылар тартылды", – делінген елшілік мәлімдемесінде.

Дипломатиялық өкілдік өкілдері Dostlik Cup 2026 турнирін ұйымдастырушылар зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсетіп жатқанын да атап өтті.

"Жағдай елшіліктің бақылауында", – деп хабарлады дипломатиялық өкілдік.

2026 жылғы 1 қарашада әлеуметтік желілерде Өзбекстан астанасында Қазақстаннан барған балалардың жаппай уланғаны туралы ақпарат тарады. Қарағандыдан келген жас футболшылар Ташкентте өткен халықаралық Dostlik Cup фестиваліне қатысқан. Ата-аналардың бірінің айтуынша, 2026 жылғы 31 қазанда Ташкенттегі қонақүйлердің бірінде таңғы астан кейін балалар мен ересектердің іші ауырып, дене қызуы көтеріле бастаған.

2 қарашада ҚР Сыртқы істер министрлігі көмекке мұқтаж Қазақстан азаматтарының барлығы Өзбекстандағы мамандандырылған медициналық мекемелерге жатқызылғанын және оларға қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатқанын хабарлады. Ведомство өкілдері қазақстандық дипломаттардың зардап шеккендердің туыстарымен және медициналық мекемелермен байланыста екенін, сондай-ақ жағдайды тұрақты бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Ташкентте болған кезде тамақтан улану белгілерімен 17 адам ауруханаға жатқызылған. Олардың 11-і – бала, алтауы – ересек адам. Барлық науқастың жағдайы тұрақты, қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.

ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева ауруханаға түскен балалар толық сауығып кеткенше Өзбекстанда қалатынын, ал қалған балалар ата-аналарымен бірге 2 қарашада Қазақстанға оралатынын хабарлады.

Қазақстан
Өзбекстан

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Әскери қызметшілерге зейнетақы тағайындау тәртібі өзгерді

2 қарашадағы Астана мен Алматы айырбастау пункттеріндегі валюта бағамы

Қазақстанда 3 қарашада жаңбыр, қалың қар жауып, үсік жүреді

Бір айда 14 мыңнан астам адамға көбейді: Қазақстан халқының саны туралы жаңа дерек жарияланды

Жаңбыр, қар және күтпеген жылы күн райы: Қазгидромет Алматыда қараша айының қандай болатынын айтты