Ең алдымен, көлік құралын тіркеу туралы куәлік – әрбір автокөлік иесі үшін маңызды құжаттардың бірі. Алайда кейде оны қолайсыз уақытта жоғалтып алу жағдайлары кездеседі. Мұндай жағдайда алаңдаудың қажеті жоқ, құжатты қалпына келтіруге болады.
КҚТК-ны мына жолдармен қалпына келтіруге болады:
- мамандандырылған ХҚКО арқылы;
- екінші деңгейлі банктер арқылы;
- электрондық үкімет порталы арқылы.
"Бұл үшін автокөлікті тексерту талап етілмейді", – деп түсіндірді мемлекеттік корпорация өкілдері.
Мамандардың айтуынша, өзіңізбен бірге тек жеке куәлікті алып бару қажет. Мамандандырылған ХҚКО-да құжаттың жоғалғаны туралы өтініш толтырып, мемлекеттік бажды төлеу керек.
Жаңа КҚТК беру үшін мемлекеттік баж мөлшері – 1,25 АЕК (5 406 теңге). 2026 жылы Қазақстанда 1 АЕК 4 325 теңгеге тең.
Өтініш рәсімделгеннен кейін жаңа КҚТК алуға болады.
Сондай-ақ егер автокөліктің мемлекеттік нөмірі жаңа үлгіде болса, оны ауыстырудың қажеті жоқ екені айтылды.
"Егер өтінішті автокөлік иесі емес, оның өкілі берсе, өкілдің өкілеттігін растайтын құжат қажет", – делінген "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ баспасөз қызметінің хабарламасында.
Бұған дейін біз жүргізуші куәлігін алуға үміткер азаматқа 1414 нөмірінен SMS-хабарлама келмеген жағдайда не істеу керектігін жазған болатынбыз.