Ақмарал Әлназарованың айтуынша, жасөспірімнің жағдайы ауыр деп бағаланып отыр. Бала ауруханаға түскен сәттен бастап Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының (ҰШМҮО) мамандары телемедицина арқылы жергілікті дәрігерлерге кеңес беріп, науқастың жағдайын бақылауда ұстап отыр.
"Ол комада жатыр. Бұл – дәрі-дәрмектің көмегімен енгізілген кома. Қазіргі жағдайы оны басқа клиникаға ауыстыруға мүмкіндік бермейді. Жағдайы тұрақталған бойда санитариялық авиация арқылы Астанаға жеткіземіз", – деді министр.
Ол жасөспірімнің сауығуына қатысты болжам айтуға асықпады.
"Қазір бұл туралы айту қиын", – деді Ақмарал Әлназарова.
Оқиға 31 қазан күні кешке Бірлесу-Еңбек ауылында болған. Тоғызыншы сынып оқушысының туыстары оны аяусыз соққыға жығуға "жиналысқа" кешігіп келуі себеп болғанын айтады. Зардап шеккен баланың жақындарының сөзінше, ауылда бейресми иерархия қалыптасқан.