Министрдің айтуынша, екі жылу электр орталығын жаңғырту және салу мерзімдері әртүрлі.
"ЖЭО-2-ге келсек, станция 2026 жылғы 25 желтоқсанда іске қосылады. Ал ЖЭО-3-тегі жағдай мәз емес. "Самұрық-Энерго" компаниясының мәлімдеуінше, құрылыс жұмыстары 2027 жылдың соңына дейін аяқталады. Өздеріңіз білесіздер, жақында Үкімет отырысында "Самұрық-Энерго" басқармасының бұрынғы төрағасын қызметінен босату туралы жарияланды. Оған жұмыс кестесінде белгіленген мерзімдердің бұзылуы және жоспарланған жұмыстардың тиісті көлемде орындалмауы бойынша бірнеше рет ескерту жасалған болатын", – деді Ақкенженов.
Ол жауапкершіліктен ешкім жалтарып отырған жоқ екенін атап өтті.
"Жауапкершілік, соның ішінде Энергетика министрлігіне де жүктеледі. Алайда мердігерлер, атап айтқанда "Самұрық-Энерго" озық бағдарламалық өнімдерді енгізіп, құрылыс барысы мен жұмыс сапасын қадағалайтын, сондай-ақ нәтижелер туралы есеп беретін тәуелсіз инспекторларды тартуы қажет", – деп толықтырды министр.
Еске салайық, 29 қазанда Премьер-министр Олжас Бектенов "Самұрық-Энерго" компаниясының бұрынғы басшысы Қайрат Мақсұтовтың қызметінен босатылу себептерін атаған болатын.