2026 жылғы 1 шілдеде Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының (ҚазКҒЗИ) базасында құрылған Мобильді диагностикалық орталықтың (МДО) пилоттық жұмысы басталды. Содан бері институт дәрігерлері 60-тан астам көшпелі тексеру ұйымдастырып, 3 мыңнан астам адамды тегін тексеріп, кеңес берген.
"Қазақстанда алғаш рет офтальмологиялық диагностика жүргізудің арнайы көшпелі форматы іске қосылды. Жобаның негізгі мақсаты – медициналық көмекті адамдарға барынша жақындату. Яғни дәрігерлер адамдар жұмыс істейтін жерлерге – ұйымдарға, мекемелерге, кәсіпорындарға және басқа да нысандарға өздері барады", – деді ҚазКҒЗИ Мобильді диагностикалық орталығының жетекшісі Медет Алтынбек.
МДО – жайлы автобус базасында жабдықталған толыққанды медициналық кешен. Оның ішінде офтальмолог дәрігерлерге арналған жұмыс орындары, диагностика аймағы және тіркеу бөлімі бар.
Сурет: Zakon.kz.
Орталық АҚШ, Германия және Жапонияның жетекші өндірушілері шығарған көз ауруларын анықтауға арналған кәсіби әрі жоғары дәлдіктегі құрылғылармен жабдықталған.
Сурет: Zakon.kz.
Бұл тек профилактикалық тексерумен шектелмейді. Егер дәрігер ауру белгілерін байқаса немесе қосымша тексеру қажет екенін анықтаса, пациентке тиісті ұсынымдар беріліп, диагнозды нақтылау және емдеу тактикасын анықтау үшін ҚазКҒЗИ-ға жолдама беріледі.
Мұндай диагностика не үшін қажет?
Кейбір офтальмологиялық аурулар ұзақ уақыт бойы айқын белгілерсіз дамуы мүмкін. Адам көру қабілетінің біртіндеп нашарлауына үйреніп кетуі немесе мәселенің күнделікті өміріне елеулі әсер ете бастағанына дейін оған мән бермеуі мүмкін.
Сурет: Zakon.kz.
МДО дәрігер-офтальмологы Айбек Мизамидиннің айтуынша, қазір мамандар тіпті жас пациенттерден де жақыннан көргіштік пен құрғақ көз синдромын жиі анықтайды. Мұның бір себебі компьютер мен басқа да цифрлық құрылғыларды ұзақ уақыт пайдалану болуы мүмкін. Ал егде жастағы адамдар арасында катаракта мен глаукома жиі кездеседі. Бұл аурулар да дер кезінде анықтауды және емдеуді қажет етеді.
Сурет: Zakon.kz.
Көру қабілетін жұмыс орнынан шықпай-ақ тексеруге болады
Мобильді диагностикалық орталық мемлекеттік мекемелермен және өз аумағында медициналық тексеру өткізуге мүмкіндік беретін ұйымдармен бірлесіп жұмыс істейді.
Қазір автобус Алматы қаласы мен Алматы облысында қатынайды. Алайда жоба жетекшілері алдағы уақытта көшпелі тексерулердің географиясын кеңейтуді жоспарлап отыр.
"Алматы облысы әкімдігімен орнатылған байланысты ерекше атап өткім келеді. Соның арқасында өңір тұрғындарына тегін медициналық тексеруден өту мүмкіндігі берілді. Салыстырмалы түрде қысқа уақыт ішінде Мобильді диагностикалық орталық түрлі сала өкілдерімен ынтымақтастық орната алды. Тексеру алаңдары ретінде медициналық ұйымдар, ірі кәсіпорындар, қаржы институттары, сауда орталықтары мен мемлекеттік мекемелер таңдалып отыр", – деді ҚазКҒЗИ Мобильді диагностикалық орталығының жетекшісі Медет Алтынбек.
Сурет: Zakon.kz.
Үш мың адам тексерілді: нәтижелер нені көрсетеді?
МДО мамандарының мәліметінше, тексерілген адамдар арасында құрғақ көз синдромы, катаракта белгілері және көз ішілік қысымның жоғарылауы (глаукома) жиі анықталады.
Бұл ретте анықталған офтальмологиялық бұзылулардың жалпы саны тексерілген адамдар санынан көп. Себебі бір пациенттен бір мезгілде бірнеше ауру немесе патология анықталуы мүмкін.
Мобильді диагностикалық орталық – ауруды анықтаудан бастап, диагнозды растау мен әрі қарайғы емдеу тактикасын белгілеуге дейінгі медициналық көмек жүйесінің алғашқы буыны. ҚазКҒЗИ мамандары бұл жобаны алдағы уақытта дамытудың негізі ретінде қарастырып отыр.
2027 жылға арналған жоспар бойынша Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен жобаны тұрақты қаржыландыру моделіне көшіру және Астана мен Шымкент қалаларында осындай мобильді орталықтар ашу мүмкіндігін қарастыру көзделген.