Қуық асты безінің обыры: МРТ зерттеуін дұрыс тағайындау неге маңызды
Сурет: Ұлттық ғылыми онкология орталығы
Ол үшін арнайы сканерлеу хаттамасы қажет. Диагноздың дәлдігі көп жағдайда осыған байланысты. Мұның маңызы неде және тексеру кезінде радиолог қандай рөл атқарады? Бұл туралы Ұлттық ғылыми онкология орталығының дәрігері Байрам Кочиев түсіндірді.
"Кіші жамбас ағзаларының стандартты МРТ-сы мен қуық асты безінің арнайы МРТ зерттеуі сканерлеу хаттамалары бойынша ерекшеленеді. Қуық асты безінің обырын анықтау үшін жоғары кеңістіктік ажыратымдылығы бар және арнайы сканерлеу реттіліктері қолданылатын нысаналы зерттеу қажет", – деп атап өтті дәрігер.
Алынған кескіндер халықаралық PI-RADS v2.1 жүйесі бойынша бағаланады. Бұл жүйе без тініндегі күмәнді аймақтарды анықтауға және клиникалық тұрғыдан маңызды обырдың болу ықтималдығын бағалауға көмектеседі.
Бұл ретте аппараттың техникалық мүмкіндіктері ғана емес, зерттеу хаттамасының сақталуы, пациенттің дайындығы және радиологтың тәжірибесі де маңызды. Тіпті тік ішекте газдың жиналуы кескін сапасына кедергі келтіруі мүмкін.
Ұлттық ғылыми онкология орталығында мультипараметрлік МРТ магнит өрісінің кернеулігі 3 Тесла болатын аппаратта жүргізіледі. Маман тек қуық асты безін ғана емес, айналасындағы құрылымдарды да – лимфа түйіндері мен кіші жамбас сүйектерін бағалайды. Себебі ісіктің таралу белгілері осы аймақтардан да анықталуы мүмкін.
Алайда МРТ нәтижелері жеке-дара қарастырылмайды. Дәрігер оларды ер адамның жасымен, отбасылық ауру тарихымен, тексеру нәтижелерімен және простата-спецификалық антиген (ПСА) деңгейімен салыстырады.
ПСА деңгейінің жоғары болуы ер адамда міндетті түрде обыр бар дегенді білдірмейді. Оның көрсеткіші қуық асты безінің қатерсіз ұлғаюы, қабыну кезінде, сондай-ақ эякуляциядан, велосипед тебуден немесе урологиялық емшаралардан кейін уақытша жоғарылауы мүмкін.
"Бұрын шешім қабылдағанда көбіне ПСА деңгейіне басымдық берілетін. Бұл қажетсіз биопсия жасауға және клиникалық қаупі төмен ісіктерді анықтауға әкелуі мүмкін еді. Қазір біз барлық көрсеткішті жиынтық түрде бағалаймыз", – деп түсіндірді Байрам Кочиев.
Егер МРТ кезінде күмәнді ошақтар анықталмаса (PI-RADS 1–2), ал басқа көрсеткіштер, атап айтқанда ПСА тығыздығы төмен қауіпті көрсетсе, уролог биопсияның орнына науқасты динамикалық бақылауды таңдауы мүмкін.
Ал тін үлгісін алу қажет болған жағдайда МРТ күмәнді аймақтың нақты орналасқан жерін анықтауға көмектеседі. Fusion-технологиясының көмегімен МРТ кескіндері УДЗ нәтижелерімен біріктіріледі. Осылайша дәрігер инені қажетті аймаққа дәл бағыттап, биопсияның нақтылығын арттыра алады.
"Егер тін үлгісі бездің басқа бөлігінен алынса, кішкентай ошақты байқамай қалуымыз мүмкін. Сондықтан біздің міндетіміз – кескіндерді сипаттап қана қоймай, урологқа күмәнді аймақтың нақты орналасқан жерін көрсету", – дейді радиолог.
Қуық асты безі обырының ерекшелігі – ауру ұзақ уақыт бойы айқын белгілерсіз дамуы мүмкін. Ер адам ауырсынуды сезбейді, ешқандай өзгерісті байқамайды және өзін жақсы сезінеді. Алайда шағымдардың болмауы аурудың жоқ екенін білдірмейді.
Сондықтан жақын туыстары қуық асты безінің обырына шалдыққан ер адамдарға, сондай-ақ BRCA2 секілді тұқым қуалайтын мутация тасымалдаушыларына урологпен кеңесіп, жеке тексерілу жоспарын талқылау маңызды.
Егер дәрігер қуық асты безінің МРТ-сын тағайындаса, оның дәл мультипараметрлік зерттеу екеніне көз жеткізу қажет. Қабылдауға ПСА талдауының нәтижелерін және бұрын түсірілген МРТ кескіндерін (бар болса) алып барған жөн.
8 қарашада Халықаралық радиология күні атап өтіледі. Бұл – онкологиялық ауруларды дәл диагностикалаудың артында үлкен мамандар еңбегі тұрғанын еске салатын күн. Олар ауру белгілері пайда болмай тұрып өзгерістерді анықтап, емдеуші дәрігерге алдағы емдеу тактикасын таңдауға қажетті маңызды ақпарат береді.