Президент қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесі Конституцияда нақты бекітілгеніне де тоқталды. Мемлекет басшысы құрылтайдың Тәуелсіздіктің 35 жылдығы қарсаңында өтіп жатқанына назар аударды.
"„Қазақ тілі" қоғамының бұл құрылтайы шын мәнінде тарихи сәтте, яғни, қасиетті Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығының қарсаңында өтіп жатыр. Қазақстан Егемендік жолының осындай айтулы межесіне беделі биік, болашағы жарқын ел ретінде қадам басып отыр. Тәуелсіздік туын көтергелі бері халқымыз көптеген белесті абыроймен еңсерді. Біртұтас ұлт болып, мемлекеттігіміздің іргетасын қалады және оны нығайта түсті", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент соңғы жеті жылда жүзеге асқан реформаларға тоқталып, Конституцияның қабылдануын айрықша атап өтті.
"Берекелі бірлігіміздің арқасында біз соңғы жеті жыл ішінде ауқымды реформаларды табысты іске асырдық. Ел өмірінің барлық саласында түбегейлі өзгерістер жасап, тың бастамалар көтердік. Ең бастысы, халқымыздың темірқазығына айналған қастерлі құжат – Конституциямызды қабылдадық. Мазмұны айрықша Конституция Әділетті Қазақстанды құру ісіне заң тұрғысынан жол ашты", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Конституцияда ел егемендігін сақтауға және азаматтардың құқықтарын қорғауға қандай мән берілгенін түсіндірді.
"Енді Конституцияға сәйкес еліміздің Тәуелсіздігін, Егемендігін, кең байтақ жеріміздің тұтастығын, азаматтарымыздың заңды құқықтарын және бостандықтарын қорғау мемлекетіміздің басты, тіпті, қастерлі міндеті саналатын болды деп айтсақ, қате болмас. Баршамызға Тәуелсіздік – бәрінен қымбат асыл дүние. Тәуелсіздік болмаса, біздің халқымыздың келешегі тығырыққа тірелетіні анық. Сондықтан Тәуелсіздікті қорғау әрі нығайту – ең қасиетті борыш, ең қастерлі парыз!" – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент егемендікті қорғау жолында әлі де шешімін күткен мәселелер бар екенін айтып, халықаралық ахуалға тоқталды.
"Бірақ, ашығын айтуымыз керек, Егемендігімізді қорғауға қатысты мәселенің бәрі толығымен шешімін тапты десек, үстірт пікірге тең болар. Алдымызда ауқымды және кезек күттірмейтін, маңызды әрі күрделі міндеттер тұр. Халықаралық ахуалды көріп-біліп отырсыздар. Әлемде саяси, экономикалық, идеологиялық шиеленістер ушығып тұр. Осындай алмағайып кезеңде әлемнің болашағын болжау өте қиын екені түсінікті", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, осындай кезеңде ел бірлігін сақтап, ортақ мүдде жолында күш біріктіру қажет.
"Мұндай заманға біздің бір ғана жауабымыз бар. Бұл – бірлігімізді бекемдеп, ортақ мүддеге күш жұмылдырып, ұлттық жауапкершілігімізді терең сезіне отырып, қасиетті Отанымыз – Қазақстан Республикасына адал қызмет ету. Түптеп келгенде, Егемендікті нығайту – халықтың әл-ауқатын арттыру, жаңа технологияларды жетік меңгеру, заңды құрметтеу, тәртіпке бағыну, өзара жанашыр, еңбекқор, жасампаз болу, табиғатты аялау деген сөз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Конституцияда білім мен ғылымға, инновация мен адам капиталын дамытуға берілген маңыз туралы айтып, қазақ тілінің мәртебесіне тоқталды.
"Біз осы міндеттерді табысты орындасақ, жаһан өркениетінің төрінен лайықты орын аламыз. Сондықтан Конституцияда қазіргі заман талабына сай білім мен ғылымды, инновацияны, адам капиталын дамыту мемлекеттің стратегиялық міндеті ретінде бекітілді. Ұлтымыздың бас құжатында, яғни Конституциямызда еліміздің тамыры терең тарихы мен бітім-болмысы, болашақтағы бейнесі айқындалды. Атап айтқанда, мемлекеттік тіл – қазақ тілінің конституциялық мәртебесі тайға таңба басқандай жазылды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.