Тоқаев мемлекеттік тілді меңгергісі келетін адамдарға барынша жағдай жасау азаматтық парызымыз екенін айтты
Фото: akorda.kz
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тілді меңгергісі келетін азаматтарға барынша қолайлы жағдай жасау қажеттігін айтты. Сондай-ақ қазақ тілін жылдам әрі оңай үйрететін цифрлық оқу құралдарын әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Мемлекет басшысының айтуынша, қазақ тілі – ұлт бірлігінің мызғымас тұғыры. Осы орайда ол мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт өкілдерінің еңбегін ерекше атап өтті.
Президент олардың арасында қазақ тілін үйрететін білікті мамандар мен әлеуметтік желі арқылы мемлекеттік тілді дәріптеп жүрген азаматтар бар екенін жеткізді.
"Мұндай адамдар тіліміздің дамуына үн қосып, оның жарқын келешегін нақты іспен жасап жатыр. Солардың еңбегін біз сыйластықпен, ризашылықпен қабылдауымыз керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы соңғы жылдары қазақ тілін үйренуге ниетті адамдардың қатары артып келе жатқанын атап өтті. Сондықтан бұл бағытта озық әдістемелерді енгізіп, заманауи цифрлық оқу құралдарын әзірлеу маңызды.
"Қазақ тілін білетін адам қазақ халқын, жалпы Қазақстанды танып-біледі. Тілді меңгерген әрбір азамат еліміздің тарихы мен мәдениетін тереңірек түсінеді", – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.
Президент аталған жұмысқа тіл мамандары мен ақпараттық технология саласының өкілдерін жұмылдыруды ұсынды.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript