Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тіліне құрметпен қарау әр азаматтың адами әрі азаматтық борышы екенін айтты.
"Қазақ тілі Тәуелсіздігіміздің мызғымас символы, Отанымыздың мемлекеттік тілі, ұлтымыздың мәңгілік жаны ретінде қабылдануы қажет. Басқа көзқарастың болуы мүмкін емес", – деді Президент.
Оның сөзінше, мемлекеттік тілдің қуатты болуы үшін ел экономикасы дамып, инновация мен технология саласында озық жетістіктерге жетуі керек.
"Мемлекеттің беделі артқан сайын, мемлекеттік тілдің де абыройы күшейеді. Бұл – ақиқат", – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент білім беру саласында қазақ тілінің қолданысы артып келе жатқанын жеткізді. Бүгінде балабақша мен мектептерде балалардың басым бөлігі қазақ тілінде білім алып жатыр.
Мемлекет басшысының мәліметінше, биыл мектеп табалдырығын аттаған оқушылардың 71 пайызы қазақ сыныптарына қабылданған. Бұған қоса, колледждер мен жоғары оқу орындарында қазақ бөлімдерінің саны көбейген.